Маңғыстау ауданындағы Онды ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз, «Алтын алқа» иегері Сүйірбай Сайлаугүл №183 сайлау учаскесіне келіп, таңдауын жасады.
Сайлаугүл Сүйірбай осыдан 72 жыл бұрын дәл сайлау күні дүниеге келіпті. Ардагер ұстаз журналистерге өз есімінің тарихын баяндап берді.
«Мен 1950 жылы 14 желтоқсанда дүниеге келдім, сол күні әкем атпен сайлауға көрші ауылдардан дауыс жинап келген күні деседі. Қақаған қыс, қардың қалыңдығына қарамастан атқа мініп, ерінбей халықтан дауыс жинайтын. Ол кездегі сайлау-үлкен мереке. Содан әкем қызды болғанын естіп, атымды Сайлаугүл қойған екен. Бір қызығы менің жолдасым 1945 жылы 9 мамырда дүниеге келген. Қазір, шүкір өсіп–өнген отбасымыз. Сол үрдіс санамызда қалып қойған, әлі күнге дейін сайлауға бар әдемі киімімізді киіп, мерекеге келе жатқандай сезімде жүреміз. Бүгін де өз таңдауымызды жасадық. Ең бастысы елі үшін еңбек ететін азамат болсын. Тыныштық бәрінен артық. Мен сол тұрақтылық, бейбіт өмір үшін дауыс бердім. Қалғаны жоспар ретімен орындалады деп ойлаймын. Бұрынғыдай емес, халықтың жағдайы түзелді ғой. Тек сайланатын президент елге адал, әділ басшы болып, қызмет етсе деймін. Мен Қаңтар оқиғасы кезінде түс көрдім, үлкен киіз үйдің шаңырағының уықтары сиреп қалған екен, тек қана үш уығы қалыпты. Ойпырмай – а, мына шаңырақ жерге түспесе болар еді деп таңда оянып кеттім. Ояна сала, түспейтін шығар, үш уық - ошақтың үш аяғы ғой деп жорыдым. Кеше тағы бір түс көрдім. Марқұм әкеме сүтті қою қаймағымен беріп жатыр екенмін, әкем мені ерекше жақсы көретін, үнемі болсын деп отыратын адам еді. Сүтті, ақты жақсылыққа жорып, жақсы күндер күтіп тұрған шығар деп жорыдым. Халықтың болашағы жарқын, еліміз аман, бұқара халқымыз тыныш болсын. Келесі сайлауға дейін аман есен жете берейік,-дейді ардагер ұстаз Сайлаугүл Сүйірбай.