1 наурызда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау ауданына жұмыс сапары барысында Тұщықұдық, Шебір, Ақшымырау, Қызан ауылдарында болып, тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен аймақ басшысы 2 000-нан астам тұрғыны бар Тұщықұдық ауылдық округіне барды. Ауылда жол жамылғысының жоқтығы, дәрігерлердің тапшылығы және жұмыспен қамтуға қатысты қордаланған мәселе көп.
Сумен қамту мәселесіне келсек, Тұщықұдыққа «Ақбұлақ» бағдарламасымен 2014 жылдан бері ауылішілік су құбыры арқылы ауыз су беріліп отыр.
Сонымен қатар ауылдық округке 35/10кВ электр желісі тартылды. Бүгінгі күні МРЭК қарасты №5 және №12 трансформатор қондырғылары жаңартылып, 6000 метр электр желісі мен 8 бағана ауыстырылды.
Содан соң өңір басшысы 1300-ден астам тұрғыны бар Шебір ауылында кездесу өткізді. Тұрғындар газ, су, жарықпен 100 пайыз қамтылған.
Шебір ауылында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мысалы, ауыл тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін көшелерге жарықтандыру орнатылды. Сонымен қатар биыл 1,8 шақырым ауылішілік жолдың құрылысын аяқтау, Шебір-Тұщықұдық тас жолындағы жолды жөндеу жоспарланып отыр.
Облыс әкімімен кездесуге келген ауыл тұрғындары жол құрылысы, экология, интернетке қосылу сапасын арттыру мәселелерін қозғады.
– Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерінде коммуналдық қызмет көрсету мәселелері жиі көтеріледі. Негізінде тұрғындарды газ бен судың қайдан, қалай келетіні қызықтырмайды. Оларға кранды ашсаң, су, үйде газ болғаны маңызды. Жоғарыда аталғандарды қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық қызмет көрсету кәсіпорындарына жүктеледі. Жүйесіз жұмыстың салдарынан тұрғындарда қолайсыздық болмауы керек. Халық тек тұтынған қызметтері үшін ақша төлеуі тиіс. Сондықтан тұтынушының талабына сай қызмет көрсетуді үйлестіру қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.
Сапар соңында аймақ басшысы Ақшымырау мен Қызан ауылдарына барды.
Ақшымыраулықтарды Шетпе-Қызан тас жолының қашан аяқталатыны алаңдатты. Сондай-ақ дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізу жайын да сөз етті.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев тас жолдағы жөндеу жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталып, дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтетінін нақтылады. Жауапты мамандарға дәрігерлік амбулаториядағы жөндеу жұмыстарын және жолдың сапалы салынуын бақылауға алуды тапсырды.
Қызан ауылында агроөнеркәсіп кешенінде тұрақты өсім байқалады: халықтың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады.
2022 жылдың қорытындысымен облыс бойынша барлығы 565 516 бас мал тіркелген. Оның ішінде Маңғыстау облысында 245 160 бас ірі қара мал тіркелген. Сонымен қатар облыста барлығы 3 331 шаруа қожалығы болса, оның 750-і - Маңғыстау облысында.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау гранттар мен несиелер беру арқылы жүзеге асады.
Маңғыстау ауданындағы елді мекеннің тұрғындарына агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды іске асыру үшін шағын несие алуға мүмкіндік берілді. Бұған бюджеттен 55 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған 10 жоба қаржыландырылды.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев өңірде ауыл шаруашылығын дамытуда инновациялық әдістер қолданылып, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамытуға басымдық беріп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жариялады. Бұл жаңа бастаған кәсіпкерлерге өзінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Халық тарапынан ниет болса, мемлекет 2,5 пайыз жеңілдікпен несиелендіру арқылы қолдау көрсетуге дайын, - деді Нұрлан Ноғаев.