Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелері жөніндегі жедел жұмыс тобының IX отырысында «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілетін кеңейту және басқа да жобаларды іске асыру барысы егжей-тегжейлі қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz kazlenta.kz-ға сілтеме жасап.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров хабарлағандай, «РТЖ» ААҚ-мен бірге мемлекетаралық өткізу пункттері жұмысының тиімділігіне талдау жүргізіліп, оларды жақсарту бойынша іс-шаралар әзірленді.
«Солтүстік-Оңтүстік» дәліздің өткізу қабілетін кеңейту үшін 2023 жылдан 2025 жылға дейін Илецк-1 станциясындағы жолдарды ұзарту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі және ұзындығы 213 км Орск – Қандыағаш учаскесінде автобұғаттауды енгізе отырып, екінші жолдар салынатын болады. Бұл жұмыстар РФ тарапынан пойыздарды қабылдауды тәулігіне 7-ден 15 жұпқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Екінші кезеңде Мақат-Шұбарқұдық учаскесінде 4 және Маңғышлақ – Өзен учаскесінде 3 разъезд салу, сондай-ақ автобұғаттауды енгізу жоспарлануда. Перспективада Илецк-1 – Ақтөбе (195 км), Қандыағаш – Қиғаш (808 км), Шалқар – Бейнеу (496 км), Бейнеу – Маңғыстау – Ақтау порты, Құрық – Порт (490 км), Өзен – Болашақ учаскелерінде екінші жолдар салу жоспарланған (147 км). Бұл жұмыстардың барлығы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша жүк тасымалдау көлемін жылына 6 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Каспий торабында контейнерлік хаб құрылысының жобасын іске асыру бойынша жұмыстар басталды. Оны «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында құру жоспарланып отыр. Хаб нысандарын орналастыру үшін арнайы экономикалық аймақ аумағында ауданы 19 гектар жер учаскесі резервтелген, қажетті инфрақұрылымды жүргізу, тарату желілері бар қосымша электр станциясын салу үшін ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Серік Жұманғарин жыл соңына дейін баламалы сауда бағыттарын дамытудың маңызды буыны болып табылатын Каспий торабын дамыту тұжырымдамасының толық жобасын ұсынуды тапсырды.