«Caspian Drilling LLP» ЖШС жұмысшыларға қарсы ереуілді заңсыз деп тану туралы талап арызымен Маңғыстау аудандық сотына жүгінген.
Маңғыстау ауданындағы Қаратұрын кен орны аумағындағы кәсіпорынның мұнайшылары биылғы жылдың 23-27 қазанында жұмысын толығымен тоқтатып, ереуілге шыққан болатын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмысшылардың ауызша талаптары: бұрын жұмыстан босатылған «ПротекторТранс» ЖШС қызметкерлерін АТМГГ» АҚ мекемесіне орналастыру, еңбекақыны елу пайызға арттыру, үстемеақыларды төлеу, «Мұнайшылар күніне» 100% сыйақы төлеу, директордың орынбасары мен бөлім басшысын қызметінен босату.
Талапкер өз талап арызында ереуіл еңбек заңнамасын бұза отырып өткізіліп жатқанын көрсетеді, атап айтқанда: жұмысшылардың талаптары, ереуілдің басталуы және ұзақтығы, ереуіл туралы жұмысшылардың конференциясы туралы жазбаша хабарлама жоқ.
Маңғыстау аудандық сотының 2023 жылғы 27 қазандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, ереуіл заңсыз деп танылды. Сот шешімі жарияланған соң тараптарға түсініктемелер берілді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.