Өңірде бір күн электр қуаты, су болмай қалғанда жұртшылық әбігерге түседі. Өмір сүруге қажетті ең басты ресурстардың үздіксіз беріліп тұрғаны тұрғындар үшін қалыпты жағдай. Ал, сол жағдайды жайлы қып отырған қарапайым жұмысшылардың еңбегі кейде көлеңкеде қалып, көп айтылмай жатады.
Mangystaumedia.kz мұқалмас мінез, қажымас жігер мен қызметке адалдық танытып, ел игілігі жолында еселі еңбек еткендер туралы әңгіме өрбітпекпіз.
Жақында ғана III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне ие болып, еңбегінің жемісін көрген Сарқожа Мұхатов Атырау облысындағы Байшонас елді мекенінде дүниеге келген. Қазір ол Ақтаудағы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесінде 7-разрядты слесарь-бригадир. 40 жылдан астам еңбек өтілі осында өткен оның қол астынан талай шәкірт түлеп ұшып, бүгінде олар түрлі абыройлы қызметте жүр.
Сарқожа аға 1982 жылы Ақтауға көшіп келген. Бірден «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесіне слесарь болып жұмысқа орналасады. Сол күндерді еске алған Сарқожа аға қыстың қақаған суығы, жаздың аптап ыстығы кезіндегі бригада жұмысын былай еске алады:
-Ең алғашы келгенімде осы мекемеге 4-разрядты слесарь болып жұмысқа орналастым. 6-разрядты алғанымда бригадирлікті қосымша қылып берді. Содан бері күнделікті ақауларды түзеп, жұмыс-жұмыс деп жүргенімізде 41 жылдың зулап өте шыққанын да байқамай қалдым. Мені жақында осы мапаратқа ұсынғанда түсінгенім, бұл менің ғана емес бригаданың, қасымда жүрген қолдаушы жандардың, отбасымның да үлесі бар екені. Ол кездері , яғни мен жұмысымды енді бастаған жылдары қалаға жеткізілетін техникалық ауыз судың бәрін қадағалап отыратынбыз. Ол кезде құбыр орнына жұқа қаңылтыр болатын. Соны жамаудың өзін айтыңыз. Қазір ол қызметтердің барлығы «КЖСА» мекемесінің құзыретінде. Ал бізде - жылу желілері мен теңіз суына қатысты дистилят жұмыстары. Мекемедегі құбырларды слесарлер өңдеуден өткізеді. Ақтауға, әсіресе үлкен зауыттарға суды тоқтатуға болмайды, ақау шықса, күн-түн демей жұмыста жүруіміз шарт. Маңғыстаудың ауа райын білесіздер, қазір қайта қатты аяз жоқ қой, бұрынырақта, есімде, қатты аязда атқылаған су далада бірнеше сағаттап жүргенімізде мұз боп үстімізге қатып қалатын, арнайы машинаға кеп киімізді жылытып алатын едік. Сол кездері біздің жігіттердің барлығы нағыз төзімнің үлгісін көрсете алды, - дейді Сарқожа аға.
Ол Ақтауда соңғы уақытта жиі боп тұратын ауыз су тоқтауына да назар аударды.
-Ия, құбырлар бұрынғыдай емес, ескірді ғой, апат жиі орын алады. Менің жұмысымның толық атауы да – апаттық-құтқару жұмыстарының слесарі деп аталады. Апатты жағдайды ести сала, оқиға орнында жүреміз, - дейді ол.
Үш ұл, бір қыз тәрбилеп отырған әке бүгінде жеке хоббиі ретінде інжір өсіруді қолға алған. Ол көшеттерін сатпайды, сұраған адамдарға тегін береді. Ауласына гүл, өсімдік өсіретін таныстары мен достарының Сарқожа ағадан алған көшеттері бүгінде жемісін беріп отыр.
Білімі мен дағдыларын үнемі жаңартып, жетілдіріп отырады. Үлкен ұлы әке жолын қуып, осы мекемеге жұмысқа орналасқан. Ол да апаттық-құтқару жұмыстарының жедел слесарі. Екі келіні де «МАЭК-Қазатомөнеркәсіпте» қызмет етеді. Бірі - машинист, екіншісі – лаборант. Ортаншы ұлы отбасымен Ресейде тұрып жатыр. Кіші ұлы Ақтауда. Жұбайы – дүкенде сатушы болып қызмет жасаған. Үш ұлдан кейін көрген қызы биыл бірінші сыныптың табалдырығын аттады.
Өзіне талапты көп қоятын Сарқожа аға жабдықтарды пайдалануға, өнідірістік және технологиялық тәртіпті сақтауға аса мән береді. Барлық байланыс желілерін қосымша зерттеуден өткізіп жүреді. Ол комбинатта жүргенінде «Комбинаттың еңбек сіңірген қызметкері», «Комбинаттың еңбек ардагері», «Комбинаттың құрметті еңбек ардагері» атақтары берілген.
Сарқожа аға 41 жыл маңдай терімен жұмыс жасаса да, шаршадым деп отырған жоқ. Энергетика министрі қолынан орден алуға барған кезде елорданы алғаш рет көргенін айтады.
-Орденді энергетика министрінің өзі тапсырды. Менің ғана емес, қасымдағы бригаданың, күн-түн демей еңбек еткен жігіттердің жұмысы деп санаймын. Шынын айтсам, әр адамда болады еңбегім бір еленсе деген, соның өтеуін көріп, арасында марқайып қалсам деген үміт болады. Бұл – соңымыздан ерген мамандарға ынталандыру деп санаймын, себебі осыны көріп олар да еңбегінің жемісі болатынына сенімді болады, - дейді Сарқожа Мұхатов.
Екінші кейіпкеріміз – Сергей Раковтың бұл мекемеде еңбек етіп келе жатқанына 30 жыл. Ол Иванов мемлекеттік энергетикалық институтының «өнеркәсіптік жылу энергетикасы» мамандығы бойынша тәмамдаған соң, 1993 жылы еңбек жолын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіпте» инженер болып бастайды. Арада бір жыл өткен соң Сергей Раков қазандық цехына 7-разрядты машинист-шолушы болып ауыстырылады, ал 1999 жылдың желтоқсанынан бастап энергоблоктың 7-разрядты машинисі қызметіне тағайындалады. Өзінің кәсіби деңгейін үнемі арттыра отырып, Сергей Раков цехтың ауысым бастығының жұмысын да зерттей бастайды. Ауысым бастығының бірі ұзақ мерзімді демалыс алғанында Сергей Раков өзін нағыз білікті маман ретінде көрсетіп, өз міндетін толық атқарады. 2002 жылдың қыркүйегінде Раков КТЦ-1 ауысымының бастығы лауазымына тағайындалды, екі айдан соң ол КТЦ-1 бастығының МТС пайдалану жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Биылғы сәуір айынан бастап қазірге дейін ЖЭС-3 бас инженері болып жұмыс істейді.
-Мен жас маман ретінде енді жұмысқа араласа бастағанымда, энергоөнеркәсіп саласында шешілмеген күрделі мәселелер көп еді. Кадр жетіспеушілік, жалақының уақытында төленбеуі сынды қиындықтар болды. Тіпті үйдегі коммуналдық төлемдерді уақыты төлей алмаған кезім болған. Қолды бір сілтеп кетіп қалуға болатын еді, алайда үміт пен арманым бұған жол бермеді. Себебі, энергетик болу менің бала күнгі арманым болған. Мәскеу энергетика институтына түсуге бірнеше рет талпыныс жасадым, тағдырдың қалауы сол болған шығар – Иванов атындағы мемлекеттік институтты ойдағыдай бітіріп, осы мамандық иесі атандым. Ол кезде тек энергетикадағы өндіріс саласында ғана емес, мұнай саласы да өзгерістерді қажет етті. Байқағаным, осындай ауқымды мәселелер ТМД елдері бойынша болды. Демалыс күндері күнделікті еңбегімнің ақшасын қолыма беріп отыратын қосымша әртүрлі жұмыстар жасауға тура келді. Бұл дағдарысты жағдай 2000 жылдары оңала бастады, себебі, мұнай бағасы көтеріле бастаған соң тиісінше, мұнайшылар энергетиктермен келісімге келіп, энергетиктердің жалақылары төлене бастады, мекемедегі жабдықтар азды-көпті жөндеуден өтті, қызметкерлер жалақыны уақытында төлей бастағандықтан ұзақ мерзімді жұмысқа келісе бастады. Қазір аймақтағы энергетика саласының ахуалы қалай дегенге келер болсақ, былай түсіндірер едім: Мен институтта оқып жүргенімде бізге энергетика экономикасы пәні оқытылды. Сонда есімде қалған бір нәрсе - энергетика әрқашан өнеркәсіп пен қала инфрақұрылымын дамытудан кемінде 5 жыл алға озып отыруы керек. Қуып жетуі керек емес, үнемі алда болуы керек деген сөз. Шағын аудандарды, өнеркәсіптік алаңдарды салуға рұқсат беру кезінде электр станциясының қолданыстағы қуаттылығы есепке алынуы тиіс. Бақытымызға орай, біздің электр станциямызда әу бастан қор болды, сондықтан осы күнге дейін шыдас беріп келеді, - дейді мекеменің бас инженері.
Оның айтуынша, модернизациядан күтетін үміт те көп.
-Мекеме модернизациясы бойынша 1 және 2-энергия блоктарын қуатты жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, ЖЭО-3-те 4-энергия блогын салу жоспарлануда. Мұндай жаңарту мекемеде бұрын-соңды қолға алынған емес. Байқағаным, соңғы уақытта жиі қайталанған апаттардан соң, тек біздің мекеме ғана емес, бүкіл ел бойынша осы мәселеге ашық қарап, энергия жабдықтарына көңіл бөлініп, шаралар қабылдана бастады, - дейді Сергей Раков.
Қарамағында 300 жұмысшысы бар бас инженер еңбек жолын шәкірттеріне айтудан, білгенін түсіндіруден жалыққан емес. Көпжылдық жемісті еңбегі үшін біздің кейіпкеріміз 2007 жылы «Қазатомөнеркәсіп» АҚ құрылғанына 10 жыл» мерейтойлық белгісімен марапатталса, ал 2010 жылы оған «комбинаттың еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді, 2013 жылы «Комбинаттың еңбек ардагері» атағы берілді және 2018 жылы «Комбинаттың құрметті еңбек ардагері» атағы ұсынылды. Енді міне, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Сергей Раковтың кеудесіне III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін тақты.
-Еңбегім бағаланғанына бір марқайып қалдым. Бір команда болып жұмыс жасаған әріптестеріме де алғыс айтамын. Алдағы 10-15 жылда жылу энергетикасы өз маңызын жоғалтпайды, сосын әлемдік ғылымның қандай жаңалық ашатынын білмейміз ғой, мүмкін үздіксіз жасайтын қозғалтқыштар ойлап табылар. Қазір осы салаға қатысты жаңалықтарды қарап отырғанымда байқағаным, әр жыл сайын жаңа дүниелер ойлап табылып жатыр, ғылым жақсы дамып келеді. Жастар жаңа дүниені меңгеруден, жаңашылдықтан қашпауы тиіс. Отбасым туралы айтатын болсам, екі ұлым бар. Бірінші ұлым – осы мекемеде жұмыс жасайды, энергетик мамандығын өзі қалады. Екінші ұлым IT саласын таңдап, қазір Санкт-Петербургте білімін жетілдіріп жатыр. Жұбайым – «ҚазТрансОйлда» оқыту комбинатында жұмыс істейді. Екеуміз бір институтты тәмамдағанбыз, - дейді Сергей Раков.
Марапатқа ұсынылған тағы бір еңбек адамы – жөндеу зауытының 8-разрядты бу-газ турбиналық жабдықтарын жөндеу слесарі Салауат Сартпанов. Аталған мекемеде 37 жыл қызмет еткен ол, қызметін қарапайым жұмысшы ретінде бастаған. 2005 жылы бригадир болып тағайындалады. Оның басшылығымен бригада көптеген жауапты жұмыстарды жұмыла атқарып, ең күрделі жөндеулерді жүргізген. Жөндеу зауытының қызметкерлері еңбек тәжірибесі мол маманның қолдауына әрдайым арқа сүйеп, үлкен сенім артататындарын айтады.
Салауат Қауанұлына ұзақ жылғы тынымсыз еңбегі үшін III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені табыс етілді.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА