Бүгінде оқуын аяқтап, маман атанса да өзге салада еңбек ететіндер көп. Солардың бірі – Зинеш Сатиманова. Ол техника қауіпсіздігі мамандығын аяқтаса да, кәсіп бастап, тігіншілікке бет бұрған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Өмір салтын жақсартып, отбасылық әлеуетін арттыру үшін Зинеш Сатиманова түрлі жерде жұмыс істеген. Ең алдымен мамандығы бойынша темір зауытында қызмет еткен ол зауыт жабылғаннан кейін саудамен айналысқанын айтады.
- Зауыт жабылғаннан кейін базарға шығып, сауда жасауға тура келді. Негізі оған дейін де тауар сатумен айналыстым. Бірақ бұл жолғы сауда өзге болды. Өйткені дәл осы орында бүгінгі кәсібіме келуге алғашқы қадамдар жасалды деуге болады. Базардағы бір кісінің қол астына жұмысқа орналасып, перде тігуді үйрендім. Сөйтіп әрі сатушы, әрі тігінші болып 5 жыл жұмыс істедім. Кейін түрлі себептермен өзге дүкенге ауысып, тек тігіншілікпен 3 жыл айналыстым,- деді кәсіпкер.
Перде тігумен айналысып жүрген ол уақыт өте келе өз алдына кәсіп ашуды ойлаған.
- Өзіме дүкен ашып, кәсіп бастауға себеп болған — отбасымның әл-ауқатын арттыру еді. Осы мақсатта күйеуім екеуміз жұмыстанып, несиеге тауар алдық. Тіпті жолдасым сыйлаған көлікті сатып, оның да ақшасын кәсіпке салдым. Алайда аяқ асты күйеуім дүниеден өтіп, қиындыққа тап болдым. Сол кездерде түрлі мемлекеттік бағдарламаларды естіп, кәсіпкерлерге қолдау берілетінін естідім,- деді Зинеш Сатиманова.
"Бастау Бизнес" жобасы туралы естіген тігінші асыраушысынан айырылған тұлға ретінде құжат тапсырып, жобасын қорғаған. Дегенмен алғаш қатысқанда грант ұтып алмай, екінші рет тағы құжат тапсырыпты. Бұл жолы ол өз жобасын пысықтап, осыған дейін тіккен перделерінің суреттерін, жасаған жұмыстарының есептерін көрсеткен. Сөйтіп, мемлекеттен 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант иемденіпті.
- Грант жеңіп алғаннан кейін тігінге қажетті машиналар мен құралдар сатып алдым. Грантқа қатысқан кезде қол астыма жұмыссыз 1 адамды алу мүмкіндігім барын айтқан едім. Бүгін менде бір тігінші жұмыс істейді. Алдағы уақытта дүкенді үлкейтіп, жұмысқа сатушы да, көмекші де алғым келеді,- деп бөлісті мемлекеттік грант иегері.
Жоғары оқуды өзге мамандықпен аяқтаса да, тігіншілікті кәсіп еткен Зинеш Сатиманова бүгінде осы шеберлігінің арқасында отбасын асырап, қажеттіліктерін орындап отырғанын айтады.
- Қайтарымсыз грант кәсібімді жаңа қырынан дамытып, қажетті құралдарымды алуға үлкен көмегін тигізді,- деп бөлісті ол.
Роза Әділханқызы