Елімізде Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz су ресурстары жәнеирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта аталған министрлік тиісті қаулының жобасын әзірлеп үлгерді. Жаңа институт Каспий теңізінің экологиялық және су деңгейінің төмендеу мәселелерін, итбалықтармен балықтардың жаппай қырылу себептерін, итбалықтарының популяциясын сақтау, ихтиофаунаны, акваториясы мен Каспий жағалауын зерттейтін болады. Сондай-ақ Каспий бойынша шекаралас мемлекеттердегі әріптестермен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізбек.
Институт Каспий теңізі экожүйесінің барлық бағыттары бойынша объективті және тың ақпарат жинақтайды. Бұл деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді іс-шаралар қабылдауы үшін негіз болады. Сонымен қатар, ғылыми ұйым құру Каспийді сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы кешенді іс-шаралар қабылдау үшін Маңғыстау облысында Каспийді зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құруды тапсырды. Институт құру - мәселені жан-жақты зерделеуге, ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді», - дейді су ресурстары және ирригация министрі НұржанНұржігітов.