Тексеру нәтижесі көрсеткендей, №9 өндірістік аймақтың 35 шағын аумағында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің қажетті рұқсат қағаздары болмаған. Жобалық-сметалық құжаттары бекітілмеген, ал бұл «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға қайшы келіп отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сәулет-құрылысын мемлекеттік бақылау басқармасы бұл ғимаратты заңсыз деп тануы үшін сотқа жүгінген.
Құрылыс салушы ЖК “Камаловқа” құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарылып, ҚР ӘҚБтК-нің 316, 321, 463-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Ақтауда қажетті рұқсат құжаттарынсыз заңсыз салынған нысандармен белсенді күрес жүргізілуде. Қазірдің өзінде заңсыз құрылысты тоқтату мақсатында сотқа көптеген талап-арыздар жолданған. Үйлерді бұзу шаралары да қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі», - деді Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.
Басқарманың хабарлауынша, мемлекеттік мекеме Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен біірлесіп бірқатар заңсыз ғимараттарды бұзу мақсатында сот ісін бастаған.