Экология департаменті Қаракөл көліне ағынды суларды төгу фактісі бойынша Rixos Water World Aktau- ға қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Экология департаменті мамандарының талдауы нәтижесінде ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан артық екені анықталды. Сонымен қатар, аққулар өлімінің фактасына төгінділер әсерінің қатыстылығын толық зерттеу үшін Алматы қаласынан орнитолог-мамандар шақырылды.
Тексеру қорытындысы бойынша тиісті инспекторлық ден қою шаралары қабылданады және әкімшілік істер қозғалады" ,- деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан 2 жыл бұрын Маңғыстау облысының Экология департаменті сарқынды суды Қаракөл көлі мен Каспий теңізіне ағызғаны үшін Rixos Aktau қонақүйіне 76 млн теңгеден астам айыппұл салған болатын.