Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығының дәрігерлері қызылшамен ауырған жүкті әйелді босандырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәрігерлердің айтуынша, әйел жаңа жыл түні Бейнеу ауданынан ана мен бала орталығына жүктілігінің 39 аптасында дене қызуы көтеріліп, әлсіздік белгілерімен түсті.
– Әйелде қызылшаның белгілері бар екені анықталды. Тиісті емдеу шараларын қабылдадық. Бір аптаның ішінде науқастың жағдайы тұрақтанғаннан кейін дені сау сәбиді дүниеге әкелді. Бүгінде ананың да, баланың да жағдайы жақсы. Біраз күннен кейін үйіне шығарамыз», – дейді акушер-гинеколог Тұрсын Чуйшбаева.
Мамандардың айтуынша, құрсақта жатқан нәрестеге қызылша ауруын жұқтыру қаупі жоғары.
– Жалпы облыстық перинаталдық орталық дәрігерлері қызылшамен ауырған жеті әйелді босандырған. Бір әйел түсік тастаса, тағы екеуі ерте кезеңде өз қалауы бойынша жүктілігін тоқтатты, себебі қызылша әйел денесіне және ұрыққа теріс әсер етуі мүмкін. Біреуі құрсақішілік ұрықтың өлімі болды. Екі жүкті әйелде ішек формасымен қосарланған тыныс алу жеткіліксіздігінің дамуымен қызылшаның ауыр кезеңін өткерді. Екі әйел жансақтау бөліміне түсіп, жағдайы жақсарған соң аман-есен босанды. Егер жүкті әйел қызылшамен ауырса, ол мерзімінен бұрын босануы және нәресте мүгедек болып туылуы мүмкін. Ал уақытылы екпе аурудың алдын алады», - деп түсіндірді Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығының директоры Жапырақ Епенова.