Амал мерекесіне орай Отпан тау кешінінде жергілікті қолөнершілердің шығармашылық жұмыстары ұсынылған болатын. Көздің жауын алатын ерекше бұйымдар көптің назарын аударды. Қолөнершілердің қатарында жаңөзендік Гүлнұр Баратованың туындылары да болды. Шебер хоббиіне айналған әшекей бұйымдарды қалай жасайтындығы туралы айтып өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шебер бұйымдарды ютуб платформасынан қарап, өз бетінше үйренген. Гүлнұр Баратованың айтуынша, ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, Наурыз мейрамы кезінде. Шашбау, шекелік, тақия, шолпы, алқа сынды бұйымдарға тапсырыс көптеп түседі. Қазіргі кезде жиын-тойларда жастар арасында шекелік тағу трендке айналды, сондықтан қолөнер шебері халқымыздың салт-дәстүрін танытатын және күнделікті өмірде тағуға ыңғайлы бұйымдар жасауға аса көңіл бөледі.
- Әшекейлерді қарапайым дүкеннен алып жасаймын. Бұл өнер түрі оңай деп айта алмаймын. Ал, менде қызығушылық болғандықтан қиындығы аса біліне бермейді, - деді Гүлнұр Баратова.
Сондай-ақ, ол тапсырыс берушілер аз еместігін айтады. Олардың арасында биші қыздар мен жаңаөзендік қыз-келіншектер бар.
- Ең алдымен биші қыздардан тапсырыс алдым. Содан соң айналамдағы қыз-келіншектер ұната бастады. Сұраныс көбейді. Бүгінде қазақтың әшекей бұйымдарын тағу трендте. Сондықтан, мерекелерде ғана емес, күнделікті тағуға болатын әшекейлерді жасауға тырысамын, - деді Гүлнұр Баратова.