Ақтау әкімдігінде қала әкімі Ұлықбек Тналиевтің қатысуымен ресейлік танымал сәулетшілер және қаланың жетекші дизайнерлерімен жиналыс өтті. Олар теңіз жағасындағы қаланы дамыту мәселесін талқылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға сәулетші, халықаралық сыйлықтардың иегері Тотан Күзембаев, «Ресей сәулет және құрылыс ғылымдары» академиясының кеңесшісі Николай Белоусов, «Ресей және Мәскеу архитекторлар одағының» бірінші вице-президенті Владимир Бакеев, журналист, сәулет саласындағы түрлі іс-шараларды ұйымдастырушы Юлия Шишалова, Ақтау қаласының жетекші дизайнерлері Айвар Жәрдем және Гүлмира Шурабаева қатысты.
Мамандар қала сәулеті, урбанистика, теңіз жағалауының инфрақұрылымын дамыту мәселесін талқылады.
-Ақтау қаласының табиғаты ерекше. Қалада сәулет тұрғысынан жағалау мәселелерін зерттеуге бағытталған «Эко жағалау» халықаралық фестивалін өткізгіміз келеді. Фестиваль аясында сәулетшілерге арналған конкурстар, дәрістер, көрмелер ұйымдастыру жоспарлануда. Шара аясында сәулет және урбанистика саласының мамандары алдын ала берілген қаланың сәулетіне қатысты бастапқы материалдарды(бас жоспар) қолдану арқылы Ақтау қаласындағы туризмді дамыту бойынша пікір алмаса алады, - деді «Ресей және Мәскеу архитекторлар одағының» бірінші вице-президенті Владимир Бакеев.
Ал журналист, сәулет саласындағы түрлі іс-шараларды ұйымдастырушы Юлия Шишалова басқа мамандармен бірге қаладағы теңіз инфрақұрылымын дамытуға дайын екендігін айтты.
-Ақтаудың туристік әлеуеті зор екені анық. Каспий теңізінің жағасында серуендедік. Біз бұған дейін Каспий теңізін Әзербайжан, Ресей жағынан көргенбіз. Ал сіздерге келгенде басқа бір теңізге келгендей болдық. Өте әдемі. Әрине, көптеген туристер осында келгісі келеді. Теңіз инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарға біз де өз күшімізді салуға дайынбыз. Халықаралық фестиваль қаланың туристік әлеуетін дамытуға көмектеседі деп санаймыз, - деді журналист, сәулет саласындағы түрлі іс-шараларды ұйымдастырушы Юлия Шишалова.
Жиында қала әкімі өңірдегі туризмді дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты.
-Ақтау қаласының туристік әлеуетін дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жасалуда. Былтыр Ақтау қаласына 346 мың турист келді. Оның ішінде 40 мыңы шетелдік туристер. Олардың қатарында Франция, Италия, Германия және Иран елінен келетін туристер бар. Тегераннан Ақтау қаласына чартерлік рейс қатынайды. Ал «Эко жағалау» халықаралық фестивалін өткізу бойынша ұсынысты қарастырамыз, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.