Маңғыстау облысында биыл бірқатар маңызды спорттық нысандарды ашу жоспарланған. Бұл туралы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш атап өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Басқарма басшысы биыл өңірде мұз сарайының құрылысын аяқтау, сондай-ақ, спорт мектеп-интернатын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.
«2018 жылы «Ақтау қаласында мұз сарайын» салу туралы мемлекеттік жекешелік әріптестік арқылы «Н+НTECHNIKA, spol s.r.o» Чехия және Словакия республикаларының компаниясымен келісім жасақтаған болатын. Алайда жеке әріптес тарапынан шарттың алдын ала талаптарының орындалмауына байланысты және тағы басқа бірнеше себептермен аяқсыз қалып отырды. Жалпы аталған ғимаратты соңына дейін салып бітіруге басқарма тарапы толық мүдделі. Сол себепті келіссөздер қайта жанданып, қосымша жасақталған келісім-шарт негізінде ғимараттың құрылысын 2024 жылдың соңына дейін бітіру жоспарлап отырмыз», - деді Мақсат Мұқаш.
Сондай-ақ, ол Маңғыстауда өзге басқа өңірлердегідей спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашу жоспарланып отырғанын алға тартты.
«Соңғы бес жылда спорттағы жетістіктер бойынша Маңғыстау облысының көрсеткіші республикада төменгі сатыға тұрақтауы спорт саласындағы қордаланып, шешімін таппай келе жатқан проблемалардың бар екенін көрсетті. Сондай-ақ, мәселелердің түйінін шешуге бағытталған жоспарлар қажет екенін аңғартып отыр. Солардың ішіндегі ес басты қажеттілік - спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжін ашу. Республика бойынша осындай 20 мектеп-интернат бар екені белгілі. Мұндай спорттық мекеме тек қана Қостанай, жаңадан құрылған Абай, Ұлытау облыстарында және біздің өңірімізде ғана жоқ. Спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжін ашу – халықаралық және республикалық деңгейдегі жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізу деген сөз. Сондай-ақ, бұл өңірдегі жастар мен ересек спортшылардың резервін қалыптастыру мүмкіндігі болмақ. Сонымен бірге, бұл шалғайда жатқан аудан мен қалалардағы дарынды балалардың үздіксіз спортпен айналысуын қамтамасыз етер еді», - деді ол.
Мақсат Мұқаштың айтуынша, қазір талдау жұмыстарын жүргізіп, өңір спортын дамытуға қажетті басты мекемелерді құру жұмыстары басталған.
«Облыс әкімі өңірдегі жастар мен ересек спортшылардың резервін қалыптастыру, халықаралық және республикалық денгейдегі жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізу мақсатында биылғы 1 сәуірге дейін «Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» және «Спортты дамыту дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемелерін құру бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, 2024 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін ашу бойынша үздік тәжірибесін өңірге еңгізу үшін қажетті шараларды қабылдау міндетін жүктеді», - деді басқарма басшысы.