Маңғыстаулық экология белсендісі Дина Нұржанова «Caspiy winter eco fest» фестивалінде қала тұрғындарын экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экобелсенді барлық қала тұрғындарын пластиктен жасалған заттарды қайта пайдалануға болатынын айтып, ақтаулықтарды экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақырды. Дина Нұржанова 2020 жылдан бастап өзінің telegram, instagram парақшасында экологиялық пайдалы ақпараттар жазып, оны жұртшылыққа бөлісіп келеді. Ол экоблог жүргізіп, тіркелушілеріне табиғатты қорғауды күнделікті экологиялық әрекеттермен қалай байланыстыруға болатындығын айтып отыр. Оның сөзінше, күнделікті экологиялық әрекеттерді жасау арқылы әрбір тұрғын табиғатты қорғауға өзінің үлесін қоса алады.
«Экология саласында жоғары білімім бар. Бірақ қазіргі таңда бұл салада жұмыс жасамаймын. Дегенмен, сүйікті ісімді мен өз өміріммен байланыстырып қойдым. Мысалы, бір реттік пайдаланатын кофе стакандарын емес, оның орнына термосты, сондай-ақ, ұзақ уақыт пайдаланатын бахиланы сатып аламын. Мен тіпті киімдерімді де дүкеннен емес, «secondhand»-тан алғанды жөн көремін. Себебі қарапайым бір футболканы өндіру үшін қаншама су мен энергия кетеді. Бұл өз кезегінде қаланың, еліміздің экологиясына әсер етеді. Сондықтан қала тазалығына барлық шаһар тұрғындары атсалысуы қажет деп есептеймін. Күнделікті осы экологиялық әрекеттерді жасау арқылы әрбір тұрғын табиғатты қорғауға өзінің үлесін қоса алады, - деді Дина Нұржанова.