Ақтауда теңіз жағалауында "Біз адамдар-біз біргеміз" қайырымдылық қоры тұрғындарды жаңа жыл мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Еріктілер ақтаулық тұрғындар мен қонақтарды құшақтап, тәтті сыйлады. Тұрғындар да еріктілердің тосыннан жасағын сыйын жылы қабылдап, ізгі тілегін білдірді.
- Біздің мақсат - қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Салқын күнде бір-бірімізге жақсы сөз, сыйлық арқылы ыстық ықыласымызды жеткізу. Қала тұрғындары бұл әрекетімізді өте жылы қабылдады. Бір-бірімізді қуантудан, шынайы махаббатымызды жеткізуден, қолдау білдіруден жалықпайық, - деді "Біз адамдар - біз біргеміз" қайырымдылық қорының басшысы Иманғазы Досмұхамбетов.
Айта кетейік, бұған дейін аталған қайырымдылық қоры 350 балаға арнап жаңа жылдық мерекелік кеш ұйымдастырған. Шараға көпбалалы отбасының балалары, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты.