Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына екі бала саусағын жарақаттап келген. Екі науқасқа да ота жасалды. Бұл туралы облыстық балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Құрман Қайранов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Дәрігердің айтуынша, 1 наурыз күні саусағын эскалаторға қысып алған екі жарым жастағы бала жарақат пунктіне жеткізілді. Дәрігерлер баланы қараған соң, бөлімшеге жатқызды.
- Операция жасап, жарасын өңдедік. Терінің жетіспеген жері жергілікті тіндермен жабылды. Баланың жағдайы - жақсы, жарасы таза. Бүгін ата-анасы қолхатпен үйге алып кетті, - дейді травматология бөлімшесінің меңгерушісі Құрман Қайранов.
Ал 2 наурыз күні жеті жастағы қыз ойын алаңындағы әткеншекке саусағын қысып алған.
- Науқаста саусақтың ұшы жоқ, жұмсақ тіндері түсіп қалған. Операция жасап, түсіп қалған терісі тігілді. Қазір бөлімшеде жатыр. Жағдайы жаман емес. Орнына тігілген терісі толық бітісуіне уақыт керек. Қазір емін алып жатыр, - деді Құрман Қайранов.
Айта кетейік, 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдік санатына кіретін болғандықтан барлық ем шаралары МӘМС аясында тегін жүргізілді.