Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай өңір жастарымен кездесті. Ол кездесуде мемлекеттік қызметке талантты жастар мен кәсіби мамандарды тарту, оларды қолдау шаралары туралы айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Дархан Медеғалиұлы мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа серпін беру, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу және Өңірлік жастар кадр резервтерін құру жоспарымен бөлісті. Агенттік мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау тәртібін толық цифрландыру арқылы конкурстың ашықтығын, объективтілігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген (GPA 3,33-ден жоғары) түлектер үшін аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалу мүмкіндігі енгізіліп, бүгінде 78 түлек осы тәртіппен жұмысқа орналасты. Жоғары оқу орнының түлегі мемлекеттік қызметке конкурссыз жұмысқа орналасу бойынша тәжірибесімен бөлісіп, бұл жаңашылдықтың жас қазақстандықтар үшін маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінде мемлекеттік қызметке қоғамға адал еңбек ететін, елге жанашыр креативті жас мамандар қажет. Бұл жеңілдіктер жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуына жол ашпақ. Мемлекеттік қызмет – мамандық таңдамайтынын, онда әртүрлі маман өкілдері қызмет атқара алатынын ерекше атап өткім келеді», - деді Агенттік төрағасы.
Кездесуге қатысушылар мемлекеттік қызметке кіру мәселелеріне қызығушылық танытып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану, мемлекеттік аппаратты одан әрі дамыту бойынша сұрақтарын қойды.
Айта кетейік кездесуге «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасына белсенді қатысқан YU бітіруші түлектері, Жастар ресурстық орталығының мамандары және мемлекеттік қызметкерлер қатысты.