Биыл "Жас батыр" спорт мектебі Бейнеу ауданы және тоғыз ауылдан самбо, дзюдо күресінен бөлім ашылды. Қазір спорт мектебінде 1100-ге жуық жас жаттығады. Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығы алаңында спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Атап айтқанда, Бейнеу ауданында, Опорный, Сарға, Жармыш, Сай-Өтес, Ақшымырау, Қызан, Шебір, Шайыр, Жыңғылды ауылдарында самбо мен дзюдо күресі бөлімдері ашылып, жұмысы кеңейді. Жалпы 84 топ жұмыс істеп тұр.
Спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекеновтың айтуынша, өңірде дзюдо, самбо, көркем гимнастика спорт түрлерінен облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде 12 жарыс ұйымдастырылды. Спорттық додада Әзербайжан, Грузия, Тәжікстан, Түркменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения мемлекеттері мен елдің өзге өңірлерінен келген спортшылар бақ сынады.
"Мұндай турнирлер өткізу көршілес елдердің өзара ынтымағы мен қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, спортшылардың біліктілігін шыңдап, өзге де жарыстарға қатысуына жол ашады.
Биыл облыстық деңгейдегі жарыстарда спорт бөлімдері бойынша 107 спортшы, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда 145 спортшы, ҚР чемпионаттарында 29 спортшы жүлделі орынға ие болды", - деді М. Бисекенов.
Сонымен қатар 2 спортшы халықаралық деңгейдегі спорт шебері, 17 спортшы республикалық спорт шебері атағын алды. Ал 8 спортшы ұлттық спорт төрешісі атанса, 4 спортшы жоғары ұлттық дәрежедегі спорт төрешісі атағына ие болды.
Самбо күресінің аға-бапкері Берік Жұмағалиевтың айтуынша, 2022 жыл облыс самбошылары үшін олжалы болды.
"Биыл спортшылар Азия чемпионатында 2 күміс, 3 қола, ашық Азия кубогында 3 алтын 2 күміс 3 қола, әлем чемпионатында 2 күміс 2 қола, ашық Еуропа кубогында 1 күміс 1 қола жүлдеге ие болды",- деді Берік Жұмағалиев.
Оған қоса спорт мектебінің басшылығы көркем гимнастика мен таеквондоға көңіл бөліп жатқанын атап өтті.