Маңғыстау ауданына қарасты Бекі ауылында көктемде басталған мектеп құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Бұл жөнінде Онды ауылының әкімі Қуаныш Жәнібекұлы фейсбук парақшасына жазды.
Мектеп құрылысын салуға жергілікті мұнай компаниясы демеушілік жасап отыр. Ал мектеп құрылысын Баутин құрылыс компаниясы жүргізуде.
«Кеше Бекі мектебінің құрылысын араладым. Құрылысшылармен сөйлестім, жағдайларын сұрадым. Егер де барлық жағдай жасалса, мектеп құрылысы жыл соңында аяқталады. Бекі ауылының балалары, өз ауылында, өз үйінде жатып оқитын болады. Бұл оқушылар үшін де, ата-аналар үшін де үлкен қуанышты жағдай. Биыл Маңғыстау ауданы құрылғанына 95 жылдық мерекесі қарсаңында Бекі ауылы халқына жасалған үлкен сый болмақ» деп жазды ауыл әкімі.
Айта кетейік, Бекі ауылына мектеп салу бірнеше жылдан бері қозғалып келе жатқан мәселенің бірі болатын.