Ақтауда қаласындағы 25744 әскери бөлімінінің асханасындағы санитарлық жағдай бойынша туындаған шулы мәселеге қатысты қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері оқиға орнына арнайы барып қайтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұған дейін еліміздегі мерзімді басылымдардың бірінде сарбаздардың тамақ ішінде түрлі жәндіктердің жүргені, асхана алдында ұзын-cонар кезектің барын айтып шағым түсірген болатын.
Әскери бөлімге арнайы барғанымызда бізді қарауыл күзеті аз-кем уақыт бөгеп, басшылық рұқсат бергеннен кейін ішке кіргізді. Күтпеген жерде БАҚ өкілері мен қоғам белсенділерінің келетінін әскери бөлім басшылары күтпеген болуы керек. Бірінші кезекте, ұялы телефонымызды кезекшіге қалдыруымызды сұрады. Алайда біз құрылғыларды қалдыра алмайтынымызды айтқан соң рұқсат берді.
Әскери бөлім аумағына кірген соң бірден асханаға тарттық. Тамақтану ғимараты әскери бөлім ішінде бөлек орналасқан. Шағымда айтылғандай расымен де кезек көп екен. Бірақ мыңға жуық сарбаз әскери борышын өтеп жатқан мұндай жерде кезектің болуы заңды құбылыс екені баршаға белгілі жағдай.
Айта кетерлік бір жайт, шулы мәселеге орай Қорғаныс министрлігінің орталық штабынан жоғары лауазымды басшыларды келгеніне куә болдық. Тамақтануға жауапты басшы бізге жағдайдың қалыпты екенін, жәндіктердің кездескені туралы деректің анықталмағанын, әр сарбазға ішер ас тиісті нормамен берілетінін атап өтті. Осы ретте сарбаздардың жүзінен аш жүрген адамның кейпін байқамадық. Алайда, әскери бөлімге барудағы мақсат тазалық мәселесі болғандықтан, асхананың тазалық жағын көзбен көруге асықтық.
Асханада шашылып жатқан қоқыс, өзге де лас дүниені көзіміз шалмады. Алайда, қоғам белсендісінің бірі асхананадан жәндік тауып алғанын басшылыққа ескертті.
Іштегі жауапты қызметкердің бірі мұндай жәндіктердің тамақтану орындарында жиі кездесетінін, ең бастысы ішер астың ішіне түспегенін атады.
Біз өз кезегімізде сарбаздарды әңгімеге тарттық. Ақмола облысынан өткен жылдың күзгі шақырылымы кезінде әскерге келген сарбаздардың пікірін тыңдадық.
“Тамақтану көңілден шығады. Ешқандай шағымым жоқ”, - деп қысқа қайырды Ақмола облысынан келген Сүйеніш есімді сарбаз.
Сәуір айында әскери борышын аяқтайтын Алматы облысының тумасы Бекарыстанның да пікірі Сүйеніштікімен үндес болып шықты.
“Қарсы шағымым жоқ. Тамақ жағы толығымен көңілден шығады. Күніне үш рет тамақтанамыз”, - деді ол.
Әрине, әскери тәртіптегі мекемеде жүрген адамдардың артық шағым айтпайтыны белгілі. Сарбаздардың алдындағы тамаққа қарап, шынымен де іштегі жағдайдың жақсы екенін байқауға болады. Ас мәзірінде жазылған тізім бойынша бойынша олар өздеріне берілген ыстық асты ішіп жатты.
Алайда асхананың келесі жағына өткенде ас мәзірінде аздаған өзгеріс барын қоғам белсенділері айтып жатты. Жалпы, мұндағы әр сарбазға күніне үш мезгіл құнарлы тамақ беріледі. Ішетін астың бір реттік құны 2500 теңгеге жуықтайды екен.
Асханада тиісті дезинфекция жұмыстары уақытымен жүргізілетіні, соңғы рет жоспар бойынша ақпан айының 10-ы күні атқарылғаны туралы хаттаманы көрсетті.