Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 13-шағын аудан №7, 1А, 13А үйдің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған шағын аудандағы №7, 1А, 13А үйдің тұрғындары пәтерлеріндегі жылудың жетіспеушілігіне шағымданды. Айтуларынша, көршілерінде жылу бар болса, ал кейбірінің пәтерлерінде жылу жоқ.
-Көрші үйлерде жылу бар. Неге бізде жоқ? Біз ай сайын пәтерімізге келмеген жылуға ақы төлеп жүрміз. Бізге жылу қашан беріледі?, - деді тұрғын.
Қала әкімі мамандармен бірге аталған шағын ауданның бірнеше тұрғын-үйінің жертөлесіне барып, жылу торабындағы құбырларды тексерді. Мамандардың айтуынша, құбырлардың бойында әр-түрлі кедергілер тұр, диаметрді азайтатын насостар бар. Бұл барлық пәтерге жылудың баруына және су айналымына кедергі келтіріп отыр. Қала әкімі тұрғын үйлердегі жылуды тексеретін арнайы жұмысшы топ осы мәселені бақылауға алуын тапсырды.
-Жалпы қаладағы бірқатар тұрғын үйлерде жылу айналымы мәселесі бар. Оған себеп кейбір тұрғын-үйлер су сорғыларын қойып тастаған. Құбырдан су барғанмен(подача) қайтуында(обратка) кедергілер туындайды. Бұл мәселені реттеу үшін тұрғын-үйдің жертөлесіндегі жылу торабында орналасқан құбырлардағы ысырмалар(задвижка) ашық тұруы керек, басқа кедергілерді алып тастау қажет, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Қала әкімі аталған жұмыстарды «Каспий жылу, су арнасы» МКК-нің мамандары мен қаладағы тұрғын-үйлердің қызмет көрсетуші мекеме өкілдері бірлесіп шешетіндігін айтты.