Ақтау қалалық әкімдігінде тұрғын-үйлерді жылумен қамту және пәтерлерге жүргізілетін дезинфекция жұмыстары бойынша штаб отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімінің орынбасары Т. Нұрпейісовтің төрағалығымен өткен жиынға қалалық прокуратура, «Каспий жылу, су арнасы» МКК, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, «МАЭК» ЖШС қызметкерлері, жауапты бөлімдер мен қаладағы тұрғын-үйлерге қызмет көрсетуші мекемелер қатысты. Жиында қаладағы тұрғын-үйлерге жылудың жетіспеушілігі мәселесі талқыланды. Қала әкімінің орынбасары қызмет көрсетуші мекемелердің өкілдеріне көппәтерлі тұрғын-үйлердегі жылу тораптарының құбырларын уақытылы тексеріп, жылуды реттеуді тапсырды.
-Ақтау қалалық тұрғын-үй инспекциясына қала бойынша кондоминиумның ортақ мүлкіне қызмет көрсетуші мекемелердің штаттық тізімін жасақтауды тапсырамын. Қызмет көрсетуші мекемелердің өкілдері көппәтерлі тұрғын-үйлердегі жылу тораптарының құбырларындағы жылуды реттеу жұмыстарын уақытылы жүргізуі қажет. Қаладағы ПИК, МИБ тұрғын үйдегі әр пәтердің құбырларын тексеру қажет. Әрбір тұрғын-үйдің жертөлесіндегі жылу торабында бақылау өлшеу құралдарының болу керек, - деді қала әкімінің орынбасары Тілек Нұрпейісов.
Сондай-ақ, жиында дезинфекциялау жұмыстары да талқыланды. Қала әкімінің орынбасары жауаптыларға көппәтерлі тұрғын-үйлерге қызмет көрсетуші мекемелер тарапынан пәтер иелері пәтерішілік улау жұмыстарын жүргізген жағдайда сақтық шараларының сақтап, көрші пәтер иелеріне хабардар етуі қажет екендігін айтты. Ал қызмет көрсетуші мекемелерге қалалық прокуратура ұсынған пәтерішілік улау жұмыстарын жүргізу барысында сақтық шаралары бойынша жадынамаларды қызмет көрсетіп отырған тұрғын-үйлердің кіреберісіне ілу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.