12ш/а 28а үй тұрғыны қала әкімімен кездесуге келіп, үй алдындағы балалар ойын алаңы мен қоқыс жәшігінің арасы тым жақын екенін айтып шағымданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Үйдің алдында балалар ойнайтын орын бар. Оған 2 метрге де жетпейтін жақын жерде қоқыс жәшігі орналасқан. Артында көлік жүретін жол тұр. Балаларға қауіпті. Одан бөлек, менің үйіме қарама-қарсы 27 үй орналасқан. Сол жерге қатты түсетін жарық шамы қойылды. Енді кешке балалар, түнде ересектер отырып, тыным бермейді. Мен – қан-қысымы бар адам ретінде есепте тіркелгенмін. Тыныштық керек, құзырлы органдарды 1 емес, бірнеше рет шақырдым. Бірақ нәтиже - жоқ. Сондықтан осы шамды басқа жаққа көшіріп беруіңізді сұраймын,- деді тұрғын.
Тұрғынның бұл өтінішіне қала әкімінің міндетін атқарушы жауап берді. Жақын арада коммуналдық мекеме қызметкерлері тұрғынның өтініші бойынша жарық шамын тексеретінін айтты.
- Балалар ойын алаңына жақын орналасқан қоқыс жәшігіне келер болсақ, біз көмектесуге дайынбыз. Контейнерді қай жаққа қою керектігін көппәтерлі үй тұрғындары жалпы жиналыста шешіп, қай жаққа ауыстыру керектігі туралы шешім қабылдауы қажет. Содан кейін орнын өзгертуге әкімдік өкілдері көмектеседі,- деді И. Шагирбаев.