Бүгін Ақтау қаласы әкімінің тұрғындармен есеп беру кездесуі өтті. Жиынға келген тұрғындардың бірі жылу қазандығы мен үйге қызмет көрсететін мекемелерге шағымданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтаудағы 19ш/а 14/1, 14/2 ,14/3 үй тұрғындары әкіммен кездесуде жылу қазандығына қызмет көрсетуші мекеме тиісті жұмыстарды атқармауына байланысты өткен жылыту маусымында қиындықтарға тап болғанын айтты.
-2022 жылы жылыту қазандығымыз істен шығып, Жеке кәсіпкер(ЖК) "Қожанов" қызмет көрсетуге алған еді. Бұл үйді біз 2013 жылы алып, қоныстандық. Қаладағы өзге үй тұрғындары жылу үшін 26-30тг тариф төлесе де, біз 10 жылға жуық 80тг төлеп келдік. Бірақ ЖК "Қожанов" келе сала тарифті 128тг көтерді. Біз наразылық танытып, құзырлы органдарға, әкімдікке бардық. Нәтижесінде монополияға қарсы комитет тариф құнын 23тг етіп бекітті. Егер ол бұл бағаға қызмет көрсете алмаса, 80 теңгемен қалдыруға тұрғындар қарсы емес еді. ЖК "Қожанов" қызмет көрсетуден бас тартып, тұрғындармен келісімге келуге тырыспады. Соның кесірінен біз жылыту маусымында қиындықтарға тап болдық,- деді тұрғын.
Бұл шағымға Ақтау қаласы әкімінің м.а. Имаммахмут Шагирбаев аталған тұрғын үй қазандығы жөндеуден өткізіліп, мемлекеттік коммуналдық мекеме балансына өткізілетінін айтты.
- Қазір қалада 20 қазандық бар. Сіздің үйдің қазандығы мемлекеттік коммунадлық мекеме балансына алынып, жылыту маусымында жылу барлығымен бірдей берілетін болады. Ал тарифті бекітетін – монополияға қарсы орган. Ал егер олардың есептеген тарифін тұрғын төлей алмаса – тұрғын үй көмегі көзделгенін қаперіңізге беремін. Облыста шығындардың шекті рұқсат етілген деңгейі – 7% болса, қалада 3% құрайды. Мысалы, жанұяның кірісі - 100 мың теңге, ал коммуналдық қызметке жұмсайтын қаражат көлемі 3000тг асса, оны мемлекет өтеп береді. Ол үшін тиісті мамандарға өтініш жазып, құжаттарды толық өткізу қажет,- деді қала әкімінің орынбасары И. Шагирбаев.
Тұрғын бұдан бөлек үйге қызмет көрсетушінің де жұмысына наразылық танытып, шағым білдірді.
- Үйіміз 7 жылдан бері 1 рет те болсын жөндеу көрмеді. Үйдің сыртын бояу, әрлеу секілді дүниелер де жасалған емес. АТК Арна мекемесінің өзіне шағымдансақ - сіздерге жұмсайды. Біз сонда не үшін ақша төлейміз? Осы мәселені кім шешеді?- деді кездесуге келген 19ш/а тұрғыны.
Қала әкімінің міндетін атқарушы И. Шагирбаевтың айтуынша, қызмет көрсетуші мекемені таңдау - тұрғындардың құзіретінде
- Құрметті тұрғын, үйдің сырты, кіре беріс, жертөле – сіздердің ортақ мүлкіңіз, яғни, ортақ міндет. Қызмет көрсетушіден төлеген қаражатыңыздың есебін талап ете алатыныңыз секілді, оны ауыстыру да – өз құзырыңызда. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қызмет көрсетуші сіздерге жасалған жұмыс туралы есеп беруі тиіс. Тариф құнын да, қызметтің көрсетілуін де сіздер бекітіп, қадағалауыңыз қажет. Қазір қалада 1217 көппәтерлі тұрғын үй бар, біз барлығына қызмет көрсетуші мекемені тағайындай алмаймыз. Сондықтан өз құзіретіңізді толықтай пайдаланып, талап етуге болатынын біле жүріңіз,- деді ол.