Ақтаудағы 4 ш/а тұрғындары қызмет көрсетуші мекеменің жұмысына наразы. Біраз уақыттан бері тазалық көрмеген көппәтерлі үйлерді тұрғындар өздері тазалауда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтау қаласындағы 4 шағын ауданның көппәтерлі тұрғын үйлеріндегі қоқыс шахталары мен подъездері қоқысқа толған. Қызмет көрсетуші «ЖЭК-4» өз міндеттерін толық атқармайтынын айтқан тұрғындар өз шағымдарын Маңғыстау облысы әкімінің телеграм-арнасына жолдады.
Айта кетейік, 4 ш/а тұрғындарының бұл мәселесі осыған дейін де қозғалған еді. Мәселелері шешілмеген тұрғындар өз наразылықтарын әлеуметтік желі беттерінде жариялауда.
- 4 ш/а қоқыс алынбағанын айтқанымызға 1 ай болды. Шіріп бітті ғой! Еш нәтиже жоқ,- дейді тұрғындар.
Ал қызмет көрсетуші мкеме өкілдерінің айтуынша, жақын арада мәселе түпкілікті шешіліп, қалыпқа келтірілмек.
- Жақын арада қоқыс шығару мәселесін шешеміз. Ақтау қаласындағы 4 ш/а көппәтерлі тұрғын үйлеріндегі қоқыс шахталарын қоқыстан тазарту жұмыстары жұмыс күшінің жоқ болуына байланысты жалдамалы жұмысшыларды уақытша жалдау арқылы жүргізіліп келді. Қазіргі таңда хабарландырулар беріліп, аталған жұмыстарды жасауға мекеме штатына жұмысшылар қабылданып, тазалық жұмыстары жүргізілуде,- делінген «ЖЭК-4» хабарламасында.