1 шілдеден бастап Қазақстанның шетелдегі консулдықтары этникалық қазақтардың өтініштерін қарау кезінде «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істей бастады. Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, қандастарды қоныстандыру енді төрт санат бойынша орындалады.
«Біріншіден, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қажетті кәсіп иелерін тарту. Мұндай сұраныс жұмыс күші тапшылығы бар барлық өңірден, жұмыс берушілерден келуі мүмкін, ал бір бөлігі жұмыс беруші орналасқан аймаққа жіберіледі. Екіншіден, қандастардың ата-аналары немесе балалары ертерек келіп, азаматтық алып, белгілі бір кәсіппен айналысса, онда олар сол жерге қоныстанады. Үшіншіден, өңірлер даму әлеуеті бар елді мекендерді анықтап, демографиялық үдерісті нығайту мақсатында шақыра алады. Төртіншіден, үкімет белгілеген аймақтарға жолдамалар береді», - деді министр.
Сонымен қатар министр әлеуметтік пакет тек үкімет белгілеген аймаққа «жолдама» алғандарға ғана берілетінін айтты.