Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм-арнасында 35 шағын аудан тұрғындары абаттандыру жұмыстары қашан басталатынын сұрады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- 35 шағын аудандағы ішкі жолдарды асфальттау мен көшелерді жарықтандыру жұмыстары қашан басталады? Өткен жылы тендер өткізіліп, жеңімпаз жарияланды, енді нәтиже қайда? Тиісті мамандардан жауап беруін сұраймын. Жарты жыл ішінде не істелді және қандай жұмыстар атқарылды,- деп жазды тұрғындар.
Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің айтуынша, алдымен шағын аудан ішіндегі инженерлік желілерді жүргізіп, содан кейін шағын ауданды абаттандыруға кіріспек.
- 35 ш/а инженерлік желілерін және автокөлік жолдарын осы жылы аяқтау жоспарда тұр. Бірінші кезекте, инженерлік желілер, яғни, су, жылу, кәріз жүйелерін жүргізіп, содан кейін асфальт жолы салынады,- делінген хабарламада.
Қазіргі таңда 270 метр кәріз құбыры жүргізілді. Одан бөлек жылу жүйесінің қуаттылығын арттыру үшін жылу қазандығын салу бойынша жобаға түзету енгізілуде.
- Барлық инженерлік желілер жүрізілгеннен кейін толықтай абаттандыру жұмыстары басталатын болады. 35 ш/а жарықтандыру бағаналары және кабель желілері мен трансформаторлық станция орнатылған. Көше жарықтандыру нысандары қызмет көрсетуші мекеме теңгеріміне беріледі. Толық тапсырылған соң іске қосылады,- деп хабарлады Ақтау қалалық құрылыс бөлімі.