Ақтауда республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасында 8 жұп өнер көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақындар айтысы Маңғыстау облысының 50 жылдығы мен Ақтау қаласының 60 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Бұл – өңірде соңғы екі жылдан бері өткізіліп тұрған ірі ақындар аламаны. Айтысқа Дидар Қами, Рүстем Ақылбеков, Мұрадым Мирланов сынды айтыскерлер келді. Сондай-ақ есімдері облысқа танымал жас ақындар да жыр додасына қатысты.
Ақындар айтыста өлке тарихынан бастап, аймақтағы өзекті су, жол, экология мәселелерін қозғады. Жастар тәрбиесі, жат ағымның әсері, жұмыссыздық, Қошқар ата көлі мен мал азығы тапшылығын айтып, қарт Каспийдің бүгінгі жағын да тілге тиек етті. Қатысушылардың кезегін және кіммен жұптасатынын халық анықтады.
«Маңғыстау – қонақжай өңір. Ал айтысқа деген көрерменнің ықыласы тіптен бөлек. Облыстық айтыстарды үнемі бақылап жүреміз. Бір кезде Мэлс Қосымбаев, Нұрлан Мұсаевтардан кейін ақындар шықпай қалған еді. Қазір ақындар тобы көбейіп келеді. Бұл өңірде айтыс өнері жақсы дамып келе жатыр. Ақындар мектебі бар», – деді айтыскер ақын Рүстем Ақылбеков.
Алғаш болып сайыста маңғыстаулық Мейірбек Саламатов пен Ерсұлтан Аушанов сөз бастады. Айтысты одан әрі Ердәулет Сардар мен Азамат Орынбасаров жалғады. Сахна төріне үшінші жұп болып көтерілген Мұрадым Мирланов пен Дидар Қами доданың көркін қыздырды. Жүйріктердің өнерін тамашалаған көрермен шабыттана қол соғып, ерекше қолдау білдірді.
«Бұл айтысқа еліміздің 7 өңірінен келген ақындар қатысты. Айтысты ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жас таланттарды жарқыратып таныту. Сол жас таланттардың ашылуына, өзін халықтың алдында көрсетуге мүмкіндік жасау», – деді Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов.
Айтысқа Мэлс Қосымбаев, Қойлыбай Асанов, Ахметжан Өзбеков, Әділет Қабылов, Нұрлан Мұсаев төрелік етті. Айтыста қарағандылық Дидар Қами 3-орынды қанжығасына байлады. Ал 2-орын Ұлытау облысынан келген Мақсат Ахановқа бұйырды. Жүлделі 1-орынды Абай жерінің тумасы Рүстем Қайыртайұлы еншілесе, ал батысқазақстандық Мұрадым Мирланов айтыс жеңімпазы атанды. Бас жүлде иегеріне 3 млн теңге берілді.