Ақтауда 8 қазан күні баспасөз туры шеңберінде агрофестиваль өтті, деп хабарлайды manngystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара мақсаты –жергілікті өнім өндірушілердің кәсібін ілгерілету, әрі өңір туризмін дамытуға ықпалдасу.
- Фестивальға қатысушылар жергілікті өнімдердің жәрмеңкесіне қатысып, түйеқұс фермасын аралады. Бұл іс-шараны «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы ұйымдастырды. Осындай инфотурлар туризм саласын кеңінен дамытуға септігін тигізеді,-деді «Visit Aktau» директоры Асылбек Таңбай.
«Экзотика құс әлемі» ЖШС өкілі Бекен Қаржаубаевтың айтуынша, түйеқұс фермасында 6000-ға жуық жануар бар. Оның ішінде 5000-ға жуығы құстар.
- Біздің кәсіптің мақсаты – құс еті мен жұмыртқа өндірісін өрістету. Қазіргі таңда отандық өндірісті дамытуға ден қоюымыз қажет. Біз халыққа зиянды қоспасыз таза ет өнімдерін ұсынамыз. Кейде тұрғындар өздері арнайы келіп сатып алады. Ал қала тұрғындары біздің өнімдерді дүкендер мен супермаркеттерден таба алады,- деді Бекен Қаржаубаев.
Түйеқұс фермасына келушілер сағат 10:30 дан 14:30-ға дейін, екінші бөлігі 14:30-дан -18:30 ға дейін аралайды. Фермада немересінің туған күнін атап өткен Сырға әже өз әсерімен бөлісті.
- Бүгінгі күн есте қаларлықтай өтті. Бұл жерде адам демалып, тынығып қалады екен. Әрине ауылда да жан-жануарларды көріп тұрамыз. Дегенмен мұнда бұрын-соңды көрмеген экзотикалық жануарларды көріп мәз болдық,- деді Сырға Сарбалаева.