МАЭК және Yessenov University басшылығы жоғары білімі жоқ қызметкерлердің біліктілігін арттыру мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz энергокомбинаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Кездесуге қатысушылар екі тараптың өзара ынтымақтастығын нығайту нәтижелі болатындығын айтты.
– Бүгінгі таңда "МАЭК" ЖШС мен Yessenov University арасындағы ынтымақтастық туралы шартты қайта жасау мәселесі тұр. Мақсат - комбинат базасында бірлескен білім беру бағдарламаларын орындау, гранттық мемлекеттік қаржыландырудың ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу. Осылайша МАЭК –ке қажет мамандар даярлауға нысаналы гранттар бөлу аясында әріптестік қатынастар мен ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығу,-деп атап өтті Yessenov University зерттеу және дамыту жөніндегі вице-президенті Асқар Сейдалиев.
МАЭК өз комбинаттарын одан әрі дамытуы үшін білікті кадрларға қажеттілік туындап отырғанын айтады. Бүгінгі таңда кәсіпорынның оқу орталығында қызметкерлерді даярлау және қайта даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстың жетекші университетімен өзара іс-қимыл компанияны жаңа деңгейге көтеруге көмектеспек.
– Біздің оқу орталығы практикалық дағдыларды алуға мүдделі студенттерді қабылдауға дайын. Теория мен практиканың үйлесімі қысқа мерзімде жас мамандарды тиімді дайындауға мүмкіндік береді. Біздің өндірістік базамыз басқа өңірлердің кәсіпорындарынан да мамандар қабылдай алады, – деп атап өтті Қайрат Болатұлы.
Кездесу барысында болашақ кадрларды даярлау, ғылыми әлеуетті пайдалану және арттыру, сондай-ақ басқа да мәселелер талқыланды.