Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 44 көпбалалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табыстады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көпбалалы аналардың 11-і «Алтын алқа», ал 33-і «Күміс алқаға» ие болды. Шарада қала әкімі аналарды құттықтап, балалардың болашағы үшін атқарылып жатқан жұмыстарды айтты.
- Балалар – біздің болашағымыз. Олардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында көп жұмыс істеліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалада «Жайлы мектеп» жобасы аясында 8 мектеп салынады. Бұдан бөлек, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы екі білім ошағының құрылыс жұмыстары жүріпжатыр. Ал балалардың саналы тәрбие алуын қамтамасыз ететін бұл аналар. Сондықтан аналар әрқашан құрметке лайық. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Көпбалалы аналар да өз алғысын айтты. Солардың бірі 42 жастағы Сайра Әбдімұратова. Бүгінде ол 6 баланы тәрбиелеп отыр.
- Барша күміс және алтын алқа алған аналарды құттықтаймын! Балаларымыз аман болсын! Аналарға осындай құрмет көрсеткен Ақтау қаласы әкімдігіне алғысымды білдіремін, - деді Сайра Әбдімұратова.