Ақтау әкімдігінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы жиын өтті. Қала әкімінің орынбасары Нұртас Салидың төрағалығымен өткен жиынға қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, аналар кеңесі мүшелері және полиция қызметкерлері, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамда өзекті тақырыптың бірі. Бұл балалардың тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Комиссия және кеңес мүшелері аталған өзекті мәселелермен барлық қоғамдық институттар бірлесіп күресу қажет екенін айтып, қоғамдағы отбасының рөлін күшейту керектігін жеткізді.
- Баланың тәрбиесінде ата-ананың рөлі зор. Сондықтан ата-аналармен жұмысты күшейту қажет. Осы бағытта құқық қорғау органдарының қатысуымен «Прокурор тәрбиесі» жобасы жүргізілуде. Сондай-ақ, арнайы «Жұмыс тобы» да құрылды. Аталған жобалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің және нашақорлықтың алдын алу жұмыстарына өз септігін тигізеді, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Сонымен қатар, жиында нашақорлық мәселесі қозғалды. «Біз спорт үшін, есірткіге қарсымыз» қоғамдық қорының жетекшісі Роман Оразымбетов нашақорлықпен күрестің негізгі жолы жасөспірімдерді спортқа тарту екендігін айтты.
- Қазіргі таңда нашақорлық дертіне тек ересектер емес, жасөспірімдер де шалдығып отыр. Олардың есірткіні пайдаланып жүргенін ата-ана түріне қарап біле алмайды. Есірткіні пайдаланған баланың мінез-құлқында, өзін-өзі ұстауында белгілі бір өзгерістер байқалады. Жалпы бұл мәселенің алдын алу үшін жасөспірімдерді спортқа шақыруымыз қажет, - деді «Біз спорт үшін, есірткіге қарсымыз» қоғамдық қорының жетекшісі Роман Оразымбетов.
Сондай-ақ, жиында жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, суицид, қоғамдағы отбасының рөлін күшейту, жасөспірімдердің мінез-құлқы, нашақорлық пен ерте жүктіліктің алдын алу мәселесі талқыланды. Аналар кеңесінің мүшесі, акушер-гинеколог Кабира Нұғманованың айтуынша, ерте жүктілік қыз баланың денсаулығына кері әсер етеді.
- Ерте жүктілік мәселесі жасөспірім қыздардың денсаулығына кері әсер етеді. Дені сау анадан дені сау бала туылады. Сондықтан жасөспірімдермен бірге тәрбиелік шаралар өткізіліп жатыр, - деді аналар кеңесінің мүшесі Кабира Нұғманова.
Жиын барысында айтылған ұсыныстар комиссияның жұмыс жоспарына енгізіліп жүзеге асырылады.