Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 11-12 шағынаудандар арасындағы жолда «Мицубиси лансер» көлігін тоқтатты. Тексеру барысында 40 жастағы жергілікті тұрғынның жүргізуші куәлігі жоқ екені және көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz аймақтық ПД-ға сілтеме жасап.
Сондай-ақ жүргізуші 2019 жылы көлік жүргізу құқығынан үш жылға айырылғаны белгілі болды.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы (Көлiк құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдiк, есiрткi және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болған адамның көлiк құралын басқаруы, сондай-ақ өзге де құқық бұзушыны басқаға беруi) бойынша тіркелді.
Бұл бап бойынша жүргізуші 5000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.