14 қазанда «Клиникалық тәжірибеде жүрек-қан тамырлары қаупін төмендетудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында конференция өтті. Оған Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан елдің жетекші сарапшылары қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шарада алғашқы болып жоғары санатты кардиолог дәрігер, «Қазақстан кардиология қоғамы» ҚБ басқарма төрайымы, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ доценті, медицина ғылымдарының докторы Сәуле Әбсейітова сөз алды. Ол кардиологтар үшін жедел коронарлық синдромы бар науқастарды басқарудағы жаңа және өзгермеген тәсілдер бойынша әмбебап шешімдермен бөлісті.
– Жедел коронарлық синдром және миокард инфарктісі тақырыбы өте маңызды. Себебі аурудың алғашқы минутында адамдардың жартысына жуығы өледі. Кеуде қуысы ауыратын адамға жедел жәрдем шақыру қажет. Сонда ғана науқастың жедел коронарлық синдромы бар-жоғын, миокард инфарктісін дамыта ма, әлде бұл тәуекелі төмен пациент пе екені анықталады. Сонымен қатар ауруханада кеңес беріліп, үйіне аман-есен бара алатынына көз жеткізеді. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде қолданылады. Ал бүгін біз миокард инфарктісін және артериялық гипертензияны қалай емдеуге болатыны жайлы сөз қозғадық. Сондай-ақ осы аурумен ауырып, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастар кагортасына ауысқан пациенттерді қалай ұйымдастыру керектігі туралы тәжірибемізбен бөлісу үшін келдік, - деді Сәуле Әбсейітова.
Қатысушылар қан қысымын төмендету, веналық тромбоэмболияны емдеу және қайталанудың қайталама профилактикасы, сондай-ақ миокард инфарктісі бар науқастарда жүрек-қантамырлық қауіптерді басқару бойынша қазіргі тұжырымдамаларды айтты. Мамандар облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінен келген қызметкерлердің сауалына жауап беріп, кеңестерін айтты.
Конференцияда сөз сөйлеген барлық сарапшыны бір мәселе алаңдатады. Яғни, бүгінгі күні жүрек-қантамыр жүйесі аурулары әлі де көп адамның өмірін алып жатыр. Осы ретте сарапшылар жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу мәдениеті мен жүйелі скринингтердің арқасында осы аурулармен байланысты көптеген проблемаларды шешуге болатынын тілге тиек етті.
– Бұл мәселені шешуде аурудың ерте алдын алу, жоғарыда айтылған салауатты өмір салтын ұстану да көмектеседі. Сондай-ақ адамдарға аурулардың дамуымен байланысты қауіпті факторларды және оларды түзету жолдары жайлы жиі ақпарат беру маңызды, - деді сарапшылар.
Сонымен қатар Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында инсульттің алдын алу жолдары мен оны емдеуге қатысты конференция өтті. Оған Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының директоры Ержан Боранбайұлы, медицина ғылымдарының кандидаты Айгүл Құдайбергенова және облыстық аурухананың невролог дәрігері Ілияс Тұрғанбайұлы қатысты.
Қазіргі таңда Қазақстан, АҚШ, Ресейде жылына 40 мыңнан астам адам инсульттен көз жұмады. 200-ден астам адам мүгедектікке шалдығады. Осы ретте инсульт және оны емдеу жолдары жайында конференция өткізіп жатыр.
Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының директоры Ержан Боранбайұлының айтуынша, көбі инсульттің белгілерін білмейді. Сол себепті тұрғындар ауру асқан кезде ауруханаға келеді. Инсультті «FASТ» арқылы анықтауға болады. Бұл дегеніміз fact – бет, аrm – қол, speech – сөйлеу, тime – уақыт.
«Егер адамның бет-пішіні кенет қисайып, сөйлемей қалса, қолы қимылдамаса, онда ең бірінші жедел жәрдемді шақыру керек. Олар адамды ең жақын жердегі инсульт орталыққа алып барады. Оған системалық тромболизис емін жасайды. Егер 4 жарым сағаттың ішінде адам қалыпқа келмесе, механикалық тромбоэкстракция жасалады. Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында дәл осы ота жасалады. Яғни, ота барысында жамбастың артериясымен миға барып, тамырдың тромбозын сорып алады. Біздің мақсатымыз – осы емдеу жолын дәрігерлерге түсіндіру, тәжірибемен бөлісу», - дейді Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының директоры Ержан Әділбеков.