Бүгін Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінде сүт безі обырын алдын алу мақсатында «Ашық есік» күні өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Таңертеңгі сағат 09.00-ден басталған қабылдау сағат 14.00-ге дейін жалғасты. Қабылдауға 65 адам келді, оның ішінде 57 әйел сүт безі УЗИ-іне түссе, 35-і маммография аппаратына тексерілді. Нәтижесінде 2 әйелден болуы мүмкін қатерлі омырау ісігі анықталды.
Онколог дәрігерлердің айтуынша, дерт неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу соғұрлым оңай және нәтижелі болады.
"Диспансерде барлық жағдай жасалған. Мәселен, сүт безі және жатыр мойны обыры, колоректальды обыр скрингтері бойынша көрсеткіш биыл 73,1 пайызға өскен. Атап айтқанда, 2021 жылдың 9 айында 12 816 әйел тексеруден өтсе, биыл жылдың осы кезеңінде бұл сан 22 189-ға жеткен. Мұның бәрі облыс тұрғындарына мамандандырылған және жоғары білікті емдеу-диагностикалық медициналық көмек көрсетудің, әлемдік стандарттар деңгейінде заманауи емдеу - диагностикалық медициналық жабдықтармен жабдықталудың арқасында", - дейді диспансер директорының орынбасары Темір Сәбитұлының айтуынша,
Айта кетейік, мұндай шаралар елдегі және өңірдегі барлық емханада, алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарында ұйымдастырылып жатыр. Оның нәтижесі алдағы күндері белгілі болады.