Ақтауда «Caspi Bike» веложарысы өз мәресіне жетті. Жарыста 150 адам бақ сынады. Шараға Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов қатысып, бастамаға қолдау көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ербол Ізбергенов алғы сөз алып, осындай бағыттағы іс-шаралардың салауатты өмір салтына ынталандыратынын атап өтті.
- Бүгін - салауатты өмір салтын сақтаған жастардың бас қосқан күні. Осы мерекеде сіздермен қауышқаныма қуаныштымын! Осындай бағыттағы іс-шаралар жастарды салауатты өмір салтына ынталандыратынына сенемін. Оның үстіне дәл бүгінгі жиын Ақтаудағы спорттық туризмді дамытуға бағытталып отыр. Керемет бастама үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, - деді қала әкімі.
Жарыс «Tetysblu» саябағының көлік тұрағынан басталды. Осылайша қатысушылар жалпы 20 км қашықтықты еңсерді.
Айта кетейік, бүгінгі жарыс велокезеңнің жабылуымен тұспа-тұс келді.