Ақтау әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Тілеген Едігеевтің төрағалығымен қонақ үй иелерімен тазалық мәселесі бойынша жиын өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері қатысқан. Сондай-ақ қала аумағындағы отыз қонақ үйдің иесі қатысқан.
Кәсіпкерлерге тазалық, нысан сыртын жаңарту және қаланың туристік әлеуетін дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар берілді. Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Тілеген Едігеев айтылған ұсыныстар қалаға көрік беріп қана қоймай, келушілерге де қолайлы жағдай жасауға септігін тигізетіндігін атап өтті.
- Ақтау қаласының туристік әлеуетін дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Бұл ретте қаладағы тазалық, абаттандыру мәселесі өзекті. Осыған байланысты қонақ үй иелері тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын мекемемен келісімшартқа отырғаны жөн. Қажетті жағдайда нысан маңына қоқыс жәшіктерін орнату керек. Кәсіпкерлік нысанның сыртқы фасадын да жаңартқан жөн. Сонымен қатар, қалаға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Қонақ үйде туристерге арналған ивент-пакет қарастыруды ұсынамыз. Яғни келген турист тек қонақ үйге қонып кетпей, ұйымдастырылатын шараларға да қатыса алады. Сондай-ақ, қонақ үй ішінде өңіріміздің көрнекі, тарихи жерлерін видеороликпен көрсетіп тұруды ұсынамыз. Аталған ұсыныстар қалаға көрік беріп қана қоймай, келушілерге де қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді деп есептеймін, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Тілеген Едігеев.
Кәсіпкерлер жиында айтылған ұсыныстардың жүзеге асырылуын қарастыратынын жеткізді.