«Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» бағытындағы тас жолдың 3 жол учаскесіне проекциялық өткел салынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР КМ «Қажсервис» мекемесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Инновациялық технология Қарақия ауданының Жетібай ауылында, Маңғыстау ауданы Шетпе елді мекені және Бейнеу ауданының Бейнеу ауылындағы жолда жұмыс істеп тұр.
«Аталған жол учаскелерінде көлік қозғалысы қарқынды. Проекциялық өткел қоюдағы мақсатымыз - жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер кез-келген ауа райында жолдағы ақ және сары түстегі ерекше өткелді айқын көре алады. Әсіресе, түнгі уақытта 150 метрден асатын қашықтықтан анық көрінеді» - дейді «Қажсервис» мекемесі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Биялиев.
Жол саласы мамандарының сөзінше, бұл пилоттық жоба. Алдағы уақытта тағы бірнеше жол учаскесінде осындай проекциялық өткел қою жоспарда бар. Әр жаяу жүргіншілер жолағын жарықтандыру үшін жолдың екі жиегіне проектор орнатылады.
Сонымен қатар, Маңғыстау жолдарында мал жануарларының қатысумен орын алатын жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында республикалық маңыздағы жолдардың жиегіне үй жануарларының суреті салынған макеттер орнатылып жатыр. Үлкен көлемдегі суреттер алыс қашықтықтан машинаның жарығына шағылысып, жүргізушіні көлік жылдамдығын тежеуге шақырады.