Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылының тұрғыны Болатбек Аманғалиұлы кейінгі 3 жылдан бері үйіне көгілдір отын өткізу мәселесі қиындық туғызып жүргенін айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ауыл тұрғыны өз шағымын облыс әкімдігінің телеграм арнасына жолдаған
Болатбек Аманғалиұлының сөзінше, оның үйі Ақшұқыр ауылының 5-інші кварталында орналасқан. Яғни, Сайын Шапағатов ауылына жақын. Кезінде көшесіне белгісіз себептермен газ құбыры жүргізілмей қалған.
«Жыл сайын күн салқындаған уақытта үйімізде жылу болмайды. Осыған байланысты басқа жерге көшуімізге тура келіп отыр», - дейді Болатбек Аманғалиұлы.
Тұрғынның айтуынша, ол 12 тамыз күні Ақшұқыр ауылдық әкімшілігіне барып, әкімнің орынбасары Шыңғыс Төлегенұлымен жолығып, мән-жайды түсіндірген. Алайда ауыл әкімінің орынбасары әзірше көшеге газ құбырын жүргізе алмайтынын айтқан.
«Осы кезге дейін біз сатып алған жердің иесі, кәсіпкер, құрылысшы Ұлболсын Ахметова мәселемізді шешіп, үйімізге көгілдір отын өткізу шаруасы бойынша жұмыстанып еді. Әйтсе де ауыл және аудан әкімшілігімен өзара ортақ келісімге келе алмау себебінен ештеңе шешілмеді. Биыл құжаттың барлығы жинақталған екен. «Алайда аудандық әкімшілік тарапынан әлі де тосқауыл болып тұр», - деді Ұлболсын. Ахметова. Жоқ нәрсеге жоқ деуге болады, бірақ дайын тұрған нәрсені жоқ деу — қисынсыз. Сол себепті жақын арада басшылықтағылар бір шешімін тауып, көмектеседі деген ойдамын»,- дейді Болатбек Аманғалиұлы.
Редакция осы мәселеге байланысты ауыл әкімдігінен жауап күтеді.