Шетпе ауылында өнім өндіретін жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкесі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жәрмеңкені Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов, Маңғыстау облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев және облыстағы ауылдық округтердің әкімдері аралады.
Жәрмеңкеде аспаздық өнімдер, ет, сүт өнімдері, жемістер мен көкөністер, ұлттық киімдер, төсек-орын жабдықтары және басқа да тауарлар қойылды.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің маманы Наурызгүл Әбіштің айтуынша, ауылдың 30 тұрғыны кәсіп ашу және кеңейту мақсатында 1 470 000 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант ұтып алды. Олардың қатарында бөдене өсірумен айналысатын көпбалалы ана Нұрлыгүл Мұңалбаева да бар.
«Өткен желтоқсанда жүз жұмыртқадан бастадым. 400 АЕК көлемінде грант алып, осы ақшаға инкубатор, құс қауырсындарын жұлуға арналған және басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Қазір 600-ге жуық құсымыз бар, күніне 100-ге жуық жұмыртқа сатамыз. Сонымен қатар құс етін бұқтырамыз және оны айына 15-20 келіге дейін сатамыз. Енді кәсіпкерлікті дамытуға 5 миллион теңге алу үшін «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасына қатысуға өтініш білдіргім келеді», – дейді Нұрлыгүл Мұңалбаева.
Кәсіпкерлермен кездесуде кәсіпкерлер палатасының өкілдері «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысудың шарттарын айтып, ауыл тұрғындарын барынша қатысуға шақырды.