Бүгін, 23 ақпан күні Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының жұмыссыз тұрғындары да бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Олар West Oil компаниясында босаған жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды талап етуде.
-Отбасымыздың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, “Қаражанбасмұнай” компаниясының мердігер мекемелеріне жұмысқа орналастыруды сұрап келеміз. Енді “West Oil” мекемесінде пайда болған бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды талап етеміз!, делінген бейнеүндеуде.
Естеріңізге сала кетейік, 21 ақпан күні “West Oil” компаниясының басшылары жұмысшылардың ұзақ мерзімді заңсыз ереуілі 900 млн теңге шығын әкелгенін және ереуілшілер жұмысқа шықпаса, 24 ақпаннан бастап жұмыстан шығара бастайтынын мәлімдеген болатын.
Мәлімдемеден кейін 94 қызметкер жұмыстарына қайта оралды. Басшылық егер ереуілшілер райынан қайтпаған жағдайда, олардың орнына жұмыссыз тұрғындарды қабылдайтындарын айтты.
Осыған дейін әлеуметтік желіде Жетібай және Құрық ауылдарының жұмыссыз тұрғындарының да “Westoil Software” ЖШС босаған орындарға жұмысқа орналастыруды талап еткен бірнеше бейнеүндеуі жарияланған болатын.