Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары тұрғын үйді шлагбауммен жабдықтау мәселесін түсіндірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шлагбаумды орнату қажеттілігін пәтерлердің және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналыста тұрғындардың көпшілік дауысымен анықтайды. Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы Айдар Ыбрай тұрғындардың тұрғын үйді шлагбауммен жабдықтауына заңда тікелей тыйым салу көзделмегендігін айтты.
- Кондоминиум қатысушыларына тұрғын үйді шлагбауммен жабдықтауға заңда тікелей тыйым салу көзделмеген. Егер шлагбаумды пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері орнатса, шлагбаум тұрғын үйдің ортақ мүлкі болып есептеледі. Ал ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес, ортақ мүлікке тұрғындардың өздері жауапты. Шлагбаумды орнату көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға бөлінген жер учаскесінің шегінде ғана рұқсат етіледі.
ҚР Төтенше жағдайлар министірлігінің бұйрығына сәйкес, шлагбаум өрт сөндіру техникасы, патрульдік және медициналық техникалардың өтуіне кедергі келтірмеуі тиіс. Егер орнатылған шлагбаум көрсетілген регламенттерге сәйкес келсе, шлагбаумға қатысты наразылықтар мен сұрақтар пәтерлердің және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің көпшілік дауысымен шешіледі, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы Айдар Ыбрай.
Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы шлагбаум тұрғындардың қауіпсіздігіне кері әсер етпеуін, өрт сөндіру техникасы және жедел жәрдем көлігі тұрғын-үйдің ауласына кедергісіз өтуі керек екенін ескертеді.