Прокуратура органдарында 16 жылдан астам еңбек өтілі бар Маия Боранбаева еліміздегі заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің сенімді тетігі саналатын қызметін ерекше бағалайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маия Боранбаева 1979 жылы 1 мамырда дүниеге келген. Оның айтуынша, прокуратура органдарымен өз тағдырын байланыстырған әрбір қызметкер еліміздің әлеуметтік-саяси тұрақтылығы, азаматтардың жарқын болашағы үшін еңбек етеді.
-Мен 1996-2000 жылдары Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін тәмамдап, осы бағытта 2003 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын бітірдім. 2006 жылдан бері әр түрлі қызметті атқардым. Ал, қазір Маңғыстау облысы прокурорының аға көмекшісі лауазымын атқарып жүрмін, - дейді Маия Боранбаева.
Маия ханымның әкесі Итемген Орынбаев Маңғыстау өңірінің бірнеше ауданы және қаласында сот төрағасы қызметін атқарған. Ал, нағашы атасы Бақыт Құбышев Атырау, Маңғыстаудың бірнеше ауданында полиция бөлімі басшысы қызметінде еңбек еткен. Маия Боранбаева әке әрдайым балаға үлгі дейді.
- Әрине, бұл мамандық оңай жұмыстардың қатарынан емес. Десе де, таңдаудағы бірінші себебім әкемнен үлгі алдым. Сонымен қатар, қазіргі таңда қазақ қоғамындағы әйелдердің, қыздардың құқығын қорғау басты мақсат болды,- дейді әділет кеңесшісі.
Бүгінде прокурор ана үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Қауырт қызметімен қоса отбасы қамын қатар ойлап, бала тәрбиесі мен олардың біліміне жіті назар аударады. Ұл-қызының бірі Назарбаев зияткерлік мектебінде, ал өзгелері ІТ-лицейі және физика-математикалық тереңдетілген лицейінің оқушылары.
Маия ханым өз отбасының әркез қолдау танытып, кез келген жағдайда жігерлендіретінін айтады. Прокурор ана барша аруларды келіп жеткен мерекемен құттықтады.
-8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен барша қыз-келіншектерді құттықтаймын. Бір үйдің түтінін түтетіп, ардақты ана, аяулы келін болып, әрі жұмысты қатар алып жүрген жандарға бақыт тілеймін. Осындай бейбіт күнде еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, - деді Маия Боранбаева.