Ақтау қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығында Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар ДЖОУКАР мырзамен сұхбаттасудың сəті түсті.
-Иран мен Қазақстан арасындағы экономикалық жəне сауда қатынастары, əсіресе, тасымалдау жəне теңіз порттары жайында не айтар едіңіз?
-Сұрағыңыз өте орынды. Жағалау елдерін байланыстрып отырған осы теңіз. Теңіз саласындағы қарым-қатынастарды дамыту үшін көбірек ынтымақтастықты нығайты түссек, ол баршаға, соның ішінде Иран мен Қазақстанға да пайдалы болмак. Екі елдің осы саладағы әріптестігі одан әрі дамытылып, өзінің шынайы деңгейіне жетуі тиіс. Дегенмен, ынтымақтастық болашақта дами түседі деп ойлаймын. Өзіңіз де білесіз ғой, Ақтау портына көп келетін кемелер–Иранның кемелері. Сол кемелермен Иранның тауарлары да, Қазақстанның тауарлары да тасымалданады. Екі ел арасындағы сауданың басым бөлігі кемелер аркылы жүзеге асып жатыр. Осы бағыт арқылы екі елдің арасында алуан түрлі тауарлар алмасады, оның бəрін атап өту мүмкін емес. Ол негізінен азық-түлік, құрылыс материалдары жəне түрлі астық. Соңғы алты айда Иран мен Ақтау порты арасындағы сауда-саттықтың өсуіне куә болып отырмыз, атап айтқанда оның құны 32 миллион доллардан асты және оны арттыру жолдарын талқылап отырамыз. Дегенмен, сауда деңгейі біздің ойлағанымыздай көлемде емес.
-Каспидегі экологиялык жағдай турасында айтсаңыз.
-Каспий теңізі экологиясының маңызы зор. Бұл мəселе Иран, Қазақстан және жағалаулас өзге мемлекеттермен шынайы түрде талқылануы керек және бұл мәселе бірлесіп кеңесу мен әріптестікті қажет етеді. Егер Каспий теңізінің жағалау елдері тығыз әріптестік пен ынтымақтастықта болса, бəрі дұрыс болады деп ойлаймын. Осыдан жиырма жыл бұрын Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекеттің қайраткерлері «Тегеран конвенциясы» деп аталатын экологиялық ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды. Бүгінде өкінішке орай, су деңгейінің тартылуы себебінен теңізде түйткілдер туындап отыр. Сондай-ақ, теңіздегі мұнай көздеріндегі бұрғылаулар салдарынан теңізге экологиялық зардаптар туындады. Иран жағалауы жағы терең болғандыктан айтарлықтай байқалмайды, бірақ Қазақстан жағында кəдімгідей көзге түсіп тұр. Теңізде бекіре тұқымдас балықтардың ресурсы азайған. Теңіз жағасын мекендеген халықтар мыңдаған жылдар бойы осы теңізден қоректеніп келе жатыр. Біз ұрпақтарымыз үшін Каспиді алдағы мың жылдарға да аман жеткізуіміз керек. Экология мəселесін бір-екі ел емес, жағалаудағы барлық бес мемлекет болып талқылаған дұрыс. Бұл мəселе сонда ғана шешіледі.
-Бүгінде екі елде тұратын халықтар қатынауы үшін әуе рейсі бар екенін білеміз. Ал болашақта кемемен қатынау жолға қойыла ма?
-Байқаған болсаңыз, Каспий теңізінде ешбір круиздік кеме жоқ. Жағалау елдері тек мұнай ынтымақтастығына шоғырланбай, жолаушылар мен туристерді тасымалдайтын туристік кемелерді жүргізген болса, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар жақындай түсер еді. Бес елдің ешқайсысы да круиздік кемелер мəселесіне назар аудармаған сияқты. Қазіргі уақытта теңіздегі туризмнің маңызы зор. Мен Маңғыстауға алғашқы рет келіп отырмын, сіз де әлі Иранға бармадыңыз, біздің теңіз жағалауын көрмедіңіз. Егер келіп-кетулер болғанда, көбірек түсінік болатын еді. Ирандағы ірі туристік компаниялардың Қазақстанмен ынтымақтастықта жұмыс жасауға ықыласы зор. Дегенмен, біздің мақсатымыз–екі ел халықтарын бірін-біріне жақындату. Сондықтан, екі ел тұрғындарының өзара сапарларын жеңілдету жолдарын талқылап тұрамыз. Бұл мәселе Парсы шығанағы елдерінің туристік қарым-қатынастарында жақсы дамыған. Енді Каспий теңізі арқылы байланысымызды нығайту керек.
-Екі ел арасындағы виза мəселесі жайына тоқталсаңыз.
-Біздің қуанышты оқиғаларымыздың бірі–өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті мәртебелі Қ.Тоқаев мырзаның Иранға ресми сапары кезінде жасалған Иран мен Қазақстан арасындағы келісім бойынша, екі елдің азаматтары үшін 14 күнге визаның алып тасталуына жағдай жасалды. Қазір халық визасыз барып-келіп жүр. Алайда біз мұнымен тоқтап қалмай, визасыз режимді 14 күннен де көбейту үшін жұмыстанып жатырмыз. Бірақ шыны керек, екі ел арасындағы туризм əлі дамымаған. Мысал үшін, Ираннан Стамбул мен Анкара қалаларына аптасына 500 әуе рейсі бар. Соның барлығы жолаушыларға толы. Дегенмен, Иран мен Қазақстан тұрғындары азырақ сапар жасайды. Иранға баратын қазақстандықтардың саны тым аз. Мұның себептерінің бірі–тараптарда бір-бірінің елінен ақпараттың аз болуы. Егер сіз Иранға баратын болсаңыз, туристерге бағалардың өте қолайлы және арзан екенін, сапаның жоғары екенін көресіз.
-Мен өзім қолыма түсіп жатса, Иран косметикасын қолданғанды ұнатамын.
-Иранда өте сапалы гигиеналық және косметикалық заттар өндіріледі және көптеген аймақтарға, тіпті Еуропа елдеріне экспортталады. Иранда жуғыш заттарын өндіру де өте жақсы дамыған.
-Екі ел арасындағы консулдық қарым-қатынас жайы қалай?
-Осы отыз жыл ішіндегі екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсы деп айта аламын жəне осылай жалғаса береріне сенімдімін. Қазір екі елдің әрқайсысында елшіліктермен қатар екі Бас консулдықтан бар. Қазақстанның Бас консулдықтары–Горган және Бендер Аббас қалаларында, ал Иранның Бас консулдықтары–Алматы және Ақтау калаларында орналасқан. Бас консулдықтар екі елдің азаматтарына қандай да бір жағдайлар туындап жатса, солардың мəселесін шешеді. Өзіме келетін болсам, Маңғыстауға бірінші рет келіп отырмын, Ақтау қаласы Иран қалаларына ұқсайды, мұның себебі географиялық жағынан жақын болғасын және мәдениеттер мен салт-дәстүрлердің ұқсастығынан шығар деген ойдамын. Демек, қарым-қатынасымызды бұдан əрі нығайтуға күш саламыз.
Сұхбаттасқан
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА.