Бүгін Ақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашевтың қатысуымен Волонтер жылы салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Салтанатты жиын барысында еріктілерден құрылған «ҚХА Волонтерлік қозғалысы орталығының» лентасы қиылды. Бұл орталық өз жұмысын Ш.Есенов атындағы университетпен бірлесе отырып жүзеге асырмақ. Орталық бірлік, білім, тәрбие, келісім деп аталатын төрт бағыт бойынша жұмыс істейді.
Сондай-ақ, салтанатты жиынға келген қонақтар Волонтер жылында бастау алатын студенттердің 10 түрлі жобасымен танысты. Салтанатты жиын көптің көңілін аулаған театрландырылған қойылымға ұласты. Аймақ басшысының орынбасары Қаныбек Бекболатұлы сөз алып, жылдың ресми ашылуымен құттықтады.
- Волонтер болу – риясыз мейірімділік көрсету, жаңа жағдыларға үйреніп, адамдарға ерікті түрде жақсылық жасау. Волонтерлік қызмет өз еркіңмен баратын жүректің жұмысы. Жүректің жұмысы жұмылса қоғам өркениетке өздігінен-ақ қадам басады деп сенеміз. Волонтер жылының ашылуымен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын,- деді Қаныбек Жұмашев.
Өңірдің әлеуметтік мәселелерінің түйінді шешілуіне атсалып, жұмылған жұдырықтай қоғамға қызмет етіп келе жатқан ұйымдар мен азаматтар алғысқа бөленді. Қайырымдылық акцияларына белсенді қатысқаны және әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін МО әкімінің алғыс хатымен бірқатар этно-мәдени бірлестік марапатталды. Ал өңірде жалпыұлттық бірлікті нығайтуға және волонтерлік қзғалыстың дамуына қосқан үлесі үшін Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті МО әкімінің алғыс хатын алды.
Республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хатымен қайырымдылықты, рухани бірлікті, достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтудың гуманистік мұраттарына қосқан белсенді еңбегі үшін Иманғазы Досмухамбетов, Нұржан Еділов, Айбек Қосуақов, Темір Мұсаев, Ричард Хоув марапатталды.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Талант ҚҰСАЙЫН