Бұл туралы Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы С. Дюмбаева қалалық «Nur Otan» партиясының жүргізген тексерісі барысында айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
№28 орта мектептің дәретханасының жағдайы жөнінде ата-аналар тарапынан шағым түсіп, дәретхананың құбыры істен шығып, төбесінен су тамшылап тұрғанын айтқан.
3000 оқушысы бар №28 мектепте орын алған осы жағдай бойынша «Nur Otan» партиясы Ақтау қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы барып, мәселенің мән-жайын анықтады.
Мектеп әкімшілігімен «Nur Otan» партиясы Ақтау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ. Сахипов, партиялық бақылау комиссияның төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Ш. Гусеинов, комиссия мүшесі С. Елесбай, ата-аналар қамқорлық кеңесінің төрағасы Ы. Көшербай және Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы С. Дюмбаева кездесіп, дәретхананың апаттық жағдайы жөнінде сөйлесті.
Мектеп директоры Жаңыл Мұқанова денсаулығына байланысты жұмыста жоқ, ал оның міндетін атқарушы Анар Еңсегенованың айтуынша биыл бұл мектеп күрделі жөндеуден өтуі тиіс. «Сол себепті жеке-жеке ұсақ-түйек жұмыстарға қаражат бөлінбейді» деді Еңсегенова.
- Мердігер мекеме «Ербасан» ЖШС құбырларды жөндеуге кірісті. Дәретхана төбесінен аққан су тоқтатылып, жөндеу жұмыстары аяқталғанша дәретхананы пайдалануға уақытша тыйым салынды, - деді Анар Бұрсақбайқызы.
Оның айтуынша, күрделі жөндеуге бөлінген 654 млн теңге қаражаттың ішіне мектепті толықтай жөндеумен қатар, мүлікпен, яғни интерактивті тақта, парта, отырғыш сынды материалдық қамтамасыз етудің барлығы кіреді. Қаражат наурыз айында бекітілетін болады. Қазіргі кезде алдын ала бөлінген 20 млн-ға мектептің сыртқы қоршауы, спорт алаңы салынған.