Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығының директоры Жамал Жаманбаеваның айтуынша, «SOS медициналық жүйесі» жобасының мәні – науқастармен қызметкерлерге арналған инновациялық қауіпсіздік технологияларын құруға бағытталған. Аталмыш жобаның іске қосылғанына 1 жылдан сәл асқан және батыс өңірінде алғашқы болып іске қосқан да осы перинаталдық орталық.
Жүйе бойынша қабылдау бөлімінің кезекшісі шұғыл және қарқынды медициналық көмекті қажет ететін жүкті әйелдер түскен кезде «SOS» шұғыл шақыру пультін басып, қажетті мамандарды шақыра алады. Ал шақыртылған дәрігерлер немесе медбикелер шұғыл әрекет етіп, қабылдау бөліміне түскен науқасты ота жасау бөлмесіне кедергісіз жеткізеді немесе басқа да көмектер көрсете алады. Осылайша қызмет көрсету сапасын арттырып, уақыт үнемделеді және науқастарға бақылау күшейеді. SOS медициналық жүйесі облыстық перинаталдық орталығының 13 нүктесіне орнатылған.
Барлық аурухана бөлімдерінің қызметкерлері «SOS медициналық жүйесі» бойынша оқудан өткен, әсіресе реаниматолог, акушер-гинеколог, жауапты кезекші дәрігер, директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары, лаборант, дәрігерлер мен мейірбикелер. Ал емделушілерден түскен барлық арыз-шағымдар мен мәліметтерді орталық директоры өз бақылауында ұстап отырады. Айта кетейік, SOS медициналық жүйесі «Денсаулық» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
«Бұл жүйе өте ыңғайлы, ең алдымен емделушілер мен медбикелер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Уақыт жоғалтпай науқастарға сапалы қызмет көрсетіледі және қажетті көмек 40 секунд пен 1 минут аралығында жасалады. Көбіне қабылдау бөлімі, босану залы, босанудан кейінге бөлім және реанимация бір-бірімен жиі байланысады. Бүігнде елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін, осындай жобалар медициналық ұйымдар тарапынан қолдау тапқаны дұрыс деп есептеймін», - дейді Жамал Әбдібекқызы.
SOS медициналық жүйесін Маңғыстауда алғашқы болып облыстық перинаталдық орталығы орнатқан болатын. Жобаның жетекшісі, қоғамдық денсаулық сақтау сарапшысы Нұртуған Мұмамедалиев ортанылғанына 1 жылдан асқан уақыт ішінде нәтижесін көру үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы Ақтауға келді. Ол 2014 жылы қолға алынған отандық жобаға қолдау білдірген перинаталдық орталығының басшысы Жамал Жаманбаеваға алғысы шексіз екенін жеткізді.
«Бұл жүйе науқастардың қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға және медициналық қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыру мақсатында орнаттық. Осы уақытқа дейін 3000-нан астам жоспарлы және шұғыл шақыртулар жасалды. «Медициналық инцидент» деген термин бар, барлық әрекеттер осы жүйе арқылы тіркеледі. Бұл жүйе 2014 жылы құрылды және авторлық құқық иесі атанып отырмыз. Жалпы SOS медициналық жүйесі Нұр-Сұлтан қаласындағы қазіргі EXPO аумағындағы «Astana Hub» деген инновационды IT - технопаркінде жалғасуда және қазіргі уақытта жаңа нұсқасы жасалуда. Отандық инновациялық технологияны алғашқы болып қолдаған Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы. Бұл өңірде туу көрсеткіші жоғары. Бір мезгілде жүкті әйелдерді жатқызатын орын тапшылығы сезілуі мүмкін және мұндай кезде шұғыл қимылдауға тура келіп жататын кездер болуы мүмкін», - дейді ол.
Бүгінде аталмыш отандық жобаға қызығушылық танытып жатқан медициналық мекемелер аз емес. SOS медициналық жүйесін облыстық перинаталдық орталықтан кейін Бейнеу аудандық ауруханасы орнатқан.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі