Журналистердің төл мерекесі таяп қалды. Еліміздің жетістігін, жақсы жаңалықтарды жұртқа жедел жеткізуге асығып, қоғамдағы өткір мәселелерді де қозғап жүретін журналистердің тынымсыз еңбегі жылына бір рет бағаланатын мейрам бұл. Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы өңіріміздегі БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен алғашқылардың бірі болып құттықтады. Білім ордасының кітапханасында өткен мерекелік шараға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 20 мектебінің баспасөз хатшылары қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры Ермек Пайзов ақпарат айдынында тынымсыз еңбек етіп жүрген қаламгерлер мен медиа саласындағы мамандарға алғыс білдірді. Журналистердің зияткерлік мектеп өміріндегі жаңалықтар мен Маңғыстау балаларының жетістігін көпшілікке жеткізудегі еңбектерінің маңызы зор екендігін атап өткен ол бұқаралық ақпарат саласының өкілдеріне Алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар табыстады. Әріптестерін құттықтаған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ баспасөз хатшыларының жетекшісі Мира Алипинова Ақтаудағы зияткерлік мектептің баспасөз хатшысы Рысгүл Рамазанованың журналистермен жұмыс жүргізуді жақсы меңгергенін, оның тәжірибесінен үйрену керектігін ерекше атап айтты. Аймақтардағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің баспасөз хатшылары әсем әндерін төл мерекелеріне тарту етіп, өнерлерін көрсетті. Кеш барысында білім ордасының жаңа жобасы таныстырылды. Биыл «Шелл Қазақстан» компаниясы мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Күн энергиясы–мектептерге» жобасының екінші кезеңі басталады. Үстіміздегі жылы Орал, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептеріне күн жүйелерін орнату жоспарлануда. Алғашқы болып Ақтау қаласындағы зияткерлік мектеп жобаға енетін болады. Маусым айында «Шелл Қазақстан» компаниясы аталмыш жүйелерді іске қосып, білім ордасы пайдаланатын 25-30% жуық электр қуатын үнемдеу көзделуде. Жобаның салтанатты ашылуы астана күні қарсаңында 2019 жылдың 6 шілдесіне өтеді. «Шелл» әлемдік мұнайгаз брендінің «Күн энергиясы–мектептерге» атты қанат қақты жобасы 2018 жылдың 1 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 10 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы Дала Мұрагерлері» форумында таныстырылған болатын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен кездесуде «Шелл» компаниясының Қазақстандағы өкілділігінің басшысы Оливье Лазар концернның осы сынды мектептік жобалары жаңартылған энергия көздерін алу және жасыл энергетикаға көшуге үлкен септігін тигізетінің атап өтті. Ермек Серікұлының айтуынша, «Шелл» мен зияткерлік мектептер арасындағы ынтымақтастық оқушыларды экологиялық ойлауын дамытып, жасыл энергетикамен таныстыру арқылы ғылыми жобалармен айналысуға ынталандырады. Қанат қақты жоба «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы, «Шелл» компаниясы мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және энергетика министрлігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында жүзеге асырылады. Компанияның алғашқы күн энергиясын ел астанасында орналасқан физика-математикалық бағыттағы мектеп 2018 жылы пайдалана бастаған. Мұнда қуаттылығы 100 Квт/сағат фотоэлектрлік панельдермен жабдықталған арнаулы тұрақтар орнатылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="81877,81878,81879,81876,81880,81881,81875"]