«Отпан» тарихи-мәдени кешенінің ұйымдастыруымен, «Өрлеу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының демеушілігімен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұлттық дәстүрлерді дәріптеу жолында «Ай астындағы алтыбақан» атты шара өткізілді. Шараны ұйымдастыруда Жастар жылының маңызы өте зор. Жұртшылық үшін қасиетті мекенге саналған Маңғыстау даласының ең биік шоқысы Отпан тау басындағы басқосуға Маңғыстау ауданына қарасты Шетпе, Шайыр, Жыңғылды, Тұщыбек елді мекендерінің мәдениет қызметкерлері мен өнерпаз жастары және республика көлеміне танымал құсбегі Айшуақ Тайманов қатысты. https://youtu.be/Uif9w-N50OI Мерекелік жиын барысында жастық шағында талай алтыбақанды әнімен тербеткен өнерпаз, Маңғыстаудың ән серісі атанған Әбіл Жұмағалиев ақсақал кешке арнайы қонақ болып келіп, жастарға ақ батасын жаудырып, Ақсарай сахнасында жан тебірентер әнін орындап берді. https://youtu.be/in-LNGDIL8g «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тамырын негізгі екі бағыттан алады, олар – ұлттық болмысты сақтап қалу және ұлттық болмыстың өзегін жоғалтпай, жаңа жаһандану дәуіріне сай келтіру. Осы мақсатта алтыбақан ойынының алар орыны ерекше. Алтыбақан – қазақ халқының ең байырғы ойындарының бірі. Тымық кеште, айлы түнде, тіршілік бір сәтке дамылдаған уақытта ауыл сыртында ойналады. Кейбір деректерде бастауын түркі халықтарынан алады дейтін ойын түрі көшпелі елдердің барлығына кең тараған. Жастардың басын қосып, құлай сүйген ғашықтар болса кездестіріп, ұнатып жүргендері болса бірін-бірі табуға септесіп, ептілікке, тапқырлыққа баулып, бейімдейтін де – алтыбақан ойыны. 20 ғасырдан бастап алтыбақан көрінісі театр өнерінде халықтың ұлттық тұрмыс ерекшеліктерін көрсету, сахнаны әсерлендіру тұрғысынан лайықты бағасын алды. Әсем әнмен өрілген кеш көркін келтірген өнерпаздар өз кезегінде халқымыздың ежелгі ғұмыр тыныс-тіршілігін бейнелейтін қойылымдарды сахналады. Ерлер жағы білектесе күш сынасып, жігіттер мен қыздар кезектесе жұмбақ жасырып, мақал-мәтел айтып, жеңілген жақ айыбына өнерлерін көрсетті. Адам жанын шыңдап, бірлікке, татулыққа үгіттейтін өнер бәйгесі ұлттық тәлім-тәрбие мен баба өнегесін дәріптеуде таптырмас құрал екеніне осылайша көзіміз жетті. https://youtu.be/5XIkHJ-0w0I - Әуелі, ұрпақ үшін үйретері мол, ұлттық болмысымыздан адастырмайтын шараны ұйымдастыруға ат салысып, көмек берген, жол қашықтығына қарамастан кешкілік ел үшін деп сабылған азаматтарға алғысымыз шексіз! Жастарға ізеттілік пен өнерді дәріптеудің өзі бабаларға тағзым деп есептейміз. Әзілі жарасып, кекесінсіз қауқылдасып, ұйымшылдық көрсеткен ілкі заманның өмірі көз алдымыздан ұшқындап өткендей болды. Лайым, бұл тек жақсылықтың бастауы болғай! - деп кеш соңында «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің директоры Нұрлан Мұсаев қатысушыларға жүрекжарды тілегін айтты. Келелі басқосу соңында ата-бабалар рухына арналып ас беріліп, құран бағышталды. Биылдан бастап «Ай астындағы алтыбақан» кеші Отпан тау басындағы Ақсарай сахнасында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын болады. Одан бөлек «Отпан» тарихи-мәдени кешеніне сапарлап келетін қонақтарға жайлы жағдай жасау мақсатында шоқы маңынан тереңдігі 300 метрден асатын екі құдық қазылады деп жоспарланып отыр. Шараға келушілер жағымды жаңалыққа орай ізгі ниеттерін айтып, тарихи маңызы зор мекеннің дамуы жолында қолға алынатын барша игі істерге сәттілік тіледі.
Мадияр ТӨЛЕУОВ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="81691,81689,81685,81686,81692,81688,81687,81697,81684,81690,81683,81694,81693,81695"] https://youtu.be/QADzn3DgoZU