Жуырда Алматыдағы «Нұрлы Әлем» баспасынан белгілі ақын, журналист-жазушы Темір Мыңжастың «Қанатбай сынықшы» атты жаңа кітабы жарыққа шықты. «Бұл кітапқа бар саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған қасиетті сынықшы, халық емшісі, діни сауатты молда, көріпкел Қанатбай Боқайұлының өмір жолы арқау болған. Кітап авторы Т.Мыңжас көзі тірісінде-ақ аңызға айналып, атағы бүкіл Түрікменстан мен Маңғыстауға, басқа да шет аймақтарға жайылған, мәшһүр тұлға – Қанатбай абыз-ата жайындағы өз толғамдарымен қатар оның етене жақын тумаластары мен көзкөрген жандардың естеліктерін бір арнаға тоғыстырып, ғұмырнамалық туындыға айналдырған»,– делінген кітаптың қысқа андатпасында. Айтса айтқандай, есімі «Маңғыстау энциклопедиясына» еніп, Жаңаөзен қаласында көше аты берілген Қанатекең жөнінде мерзімді басылымдарда мақала, өлең ғана жарияланып келген болса, енді, міне, көпшілік қауымға арналған деректі кітап жарыққа шықты. Автордың айтуы бойынша, өлкемізден шыққан, ел қадірлеген сынықшы Қанатбай атаның есімі мен қызметі есте қалдыру бағытындағы ізгі істер жалғаса бермек. Әсем безендіріліп, түрлі түсті суреттермен көркемделген, жүз елу беттік кітаптың алғашқы таралымы– 500 дана.
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ